«Патриоттар сепаратизмге қарсы шыққаны үшін сотталды». Бас прокуратура депутаттың сауалына жауап берді
Олар өз құқығын заң аясында қорғай алады
Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің сауалына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2022 жылғы 14 наурыздағы заңды күшіне енген үкімімен Марғұлан Боранбаев (5 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру) ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін (Қылмыстың кодектстің 174-бабы 2-бөлігі) жəне Данат Намазбаевпен (5 жыл бас бостандығынан айыру) бір топта билікті күшпен басып алуға шақырғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 179-бабы 2-бөлігі) сотталған.
Бұл іс бойынша сіздер (депутаттар) жаңадан ашылған мəн-жай бойынша сот актілерін қайта қарау туралы мəселені көтеріп отырсыздар. Сондай-ақ жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша қылмыстық іс жөнінде іс жүргізуді қайта бастау тəртібі мен негіздері Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан əрі ҚПК) 53-тарауымен реттеледі. Бұл іс жүргізу – қылмыстық процестің бір сатысы жəне ол жерде үкім шығару кезінде сот білмеген мəн-жайлардың болуы немесе болмауы туралы мəселе шешіледі. ҚПК-нің 55-бабы 1-бөлігінің 4-тармақшасына сəйкес, сот актілерін қайта қарау жəне жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша іс қозғау құқығы тек сотқа тиесілі, - деп жазылған жауапта.
Мұндай істі қайта бастаудың тәртібі ҚПК-нің 499-бабы 2-бөлігі бойынша реттеледі.
ҚПК-нің 502-бабына сəйкес қылмыстық процестің қатысушылары (сотталған, жəбірленуші, олардың қорғаушылары немесе заңды өкілдері) ғана жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатпен жүгіну құқығына ие. Сондықтан Марғұлан Боранбаев, Данат Намазбаев жəне олардың қорғаушылары осы негіздермен жүгінбеген, яғни олар өздерінің іс жүргізу құқығын іске асырмаған.
Осыған байланысты сотталғандар үкім шығару кезінде сотқа белгісіз болған мəн-жайларды көрсетіп, олардың кінəсіздігін немесе онша ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанын куəландыратын өтінішхатты сотқа не прокуратура органдарына дербес беруге құқылы екенін түсіндіреміз», - деді Берік Асылов.
Еске сала кетсек, осыған дейін бірқатар депутат «Петропавлдағы сепаратистік жағдайға» байланысты былтыр сотталған Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбайдың ісін қайта сұраған еді.
«Ел намысын қорғаған патриоттар Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбай ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін 5 жылға сотталды...
Шын мәнінде олар әлеуметтік желідегі сепаратизмді нұсқап, соған қарсы шыққаны үшін сотталды. Үкімнің әділетсіздігі тіпті бір ғана жағдайды салыстырғанда да көрінеді: неге бір мемлекет (Ресейді меңзеген болуы мүмкін, – автор) саясаттанушыларына (Қазақстанға қатысты арандату сипатындағы мәлімдемелер жасағаны үшін) тіпті ескерту де бермей, оларды «орыс патриоттары» деп есептейді? Ал біздің еліміз халықтың, мемлекеттің мүддесін қорғағандарды түрмеге отырғызады? – деген еді Ермұрат Бәпи 5 сәуірде өткен Мәжілістің жалпы отырысында.