7 мамыр – Отан қорғаушы күні
7 мамыр – Отан қорғаушы күні. Бұл күні елдің қарулы күштері мен өңірлердің тыныштығына жауапты азаматтардың еңбегі ерекше аталады. Мереке қарсаңында Halyq Uni тілшісі Ұлттық ұланның елордада орналасқан 5573 әскери бөліміне барып, әскери борышын өтеп жатқан сарбаздардың бір күнімен танысып қайтты.
«Үркер» тұрғын үй алабында орналасқан 5573 әскери бөлімі Үкімет қаулысымен 2007 жылдың 29 желтоқсанында құрылды. Қазір бұл жерде 1 200-ден аса сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Әскери бөлімде сарбаздар әскери шеберлігін шыңдап, жауынгерлік дағдыны қалыптастырады.
ӨМІР МЕКТЕБІ
Ұлттық ұлан сапында сарбаздар тәртіпке баса мән береді. Бір жыл бойы таңмен таласа оянып, бекітілген ереже бойынша дайындалады. Олардың ұйқыдан оянатын уақыты мен тамақтанатын уақытына дейін анық жазылған.
«Күн сайын 1 200-ге жуық жауынгер қызметке шығады. Одан бөлек жылына екі шақырылым бойынша 600-700 адам Ұлттық ұлан қатарына қосылады. Жаңадан келгендер дайындықтан өтіп, қызметке кіріседі. Ұлттық ұланға қабылданатын кезде сарбаздың бойы 170-180 см-ден кем болмауға тиіс. Сондай-ақ қазақ және орыс тілін меңгергеніне назар аударылады. Жеке құрам жауынгерлік қызметті қалада атқарады. Кешкісін сарбаздар жауынгерлік қызметке шығады, яғни қаланың ішінде жүреді, қала тыныштығын күзетеді», - дейді 5573 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары – майор Амангелді Омаров.
Майордың айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау барысында сарбаздар түрлі жағдаймен бетпе-бет келеді. Арасында қала тұрғындары сарбаздарға азық-түлік, ақша ұсынады.
Жақында сарбаздарға ақша ұсынған жағдай болды. Біреу жанашырлық танытса, енді бірі тексеріп көргісі келеді. Ал сарбаздар ұсынған ақшаны алмаған. Ол әрекеті өте дұрыс. Себебі заң бойынша сарбаз ештеңе алмауы қажет. Сарбаздар жоғалған балаларды тауып, егде жастағы кісілерге де көмектеседі, - дейді Омаров.
Сондай-ақ әскери бөлімде бейнебақылау камералары толық орнатылған. Сондықтан қызметкерлер қауіпсіздік жағынан мәселе жоқ екенін, ал әскери бөлімде қазірге дейін әлімжеттік деректері тіркелмегенін айтты.
Қаланың ішінде де камералар бар. Жауынгерлік қызметте жүрген кезде басқа қызметкерлер де бақылап жүреді, - дейді Амангелді Омаров.
КРЕДИТІ БАР САРБАЗДАР
2022 жылы Ұлттық ұланда мерзімдік әскери қызметтегі 3069 сарбаздың кредиті бар екені белгілі болды. Оның ішінде 59 сарбаздың 2 млн – 22,5 млн теңгеге дейін қарызы бар.
Кредиті бар азаматтар әскерге алынады. Сұқбаттасу барысында қай банкте қанша қарызы бар екенін туралы ақпаратты жинаймыз. Соған сәйкес, әр дерек бойынша банкке хат жазылады. Ол жағы шешілген, - дейді ол.
Хат жазылғаннан кейін бір жылға кредитті төлеу уақытша тоқтатылады.
«МЕН ДЕ ӘСКЕРДЕ БОЛҒАНМЫН, ІНІМ!»
Ұлттық ұланда борышын өтеп жатқандардың бірі – Асылбек Данабекұлы. Жамбыл облысында туған 19 жастағы Асылбек әскерге жазда қабылданған.
«Ұлттық ұланға іріктелу оңай. Келуге болады. Ұлттық ұлан шақырылымын бір ай күттім, сол уақытта дайындалдым. 18 жасқа толып, Отан алдымдағы борышымды өтеуге, Ұлттық ұлан сарбазы болуға келдім. Сарбаз болуға дайындық керек. Күннің ыстық-суығына қарамай, қызметте жүреміз. Қызметіміз өте ауыр. Физикалық дайындық қажет. Себебі құқық бұзушыны ұстауымыз қажет. Кейде соңынан қуып жету қажет болады», - дейді Асылбек Данабекұлы.
Ұлттық ұлан сарбаздарының бір аптадағы қызметіне тоқталсақ, әр сарбаз аптасына 4 рет қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға жіберіледі. Екі күн әскери бөлімде болады, бір күн демалуға беріледі.
Қызмет барысында қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды ұстап, учаскелік полицияға тапсырамыз. Оның ішінде темекі тарту, ішімдік ішу, қаланы ластау, қоғамдық тыныштықты бұзу секілді әрекеттер бар. Ішінде нашарқорлауды ұстау өте қиын. Себебі оларды бақылау қажет. Бақылау барысында өзімізге берілген бағдардан шығып кетуге болмайды. Оларды анықтағанмен, бірден қашады. Әскери борышымды өтеуге Жамбыл облысынан келдім. Сондықтан қаланы толық білмеймін. Мұның бәрін дайындық барысында үйренеміз, - дейді қатардағы жауынгер.
Сондай-ақ сарбаздан Ұлттық ұланның басқа әскерден айырмашылығын да сұрадық. Айтуынша, Ұлттық ұланда борышын өтеп жатқан сарбаздар қоғамда қарым-қатынасқа түсуге де үйренеді.
Басқа әскерден ерекшелігі ретінде бір жылдың көп бөлігін қалада өткізетінімізді айтуға болады. Қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеміз. Тұрғындармен сөйлесе білу керек, тілін тауып, дөрекі сөйлемеуге тырысамыз. Басқа айырмашылығы жоқ, - дейді сарбаз Асылбек Данабекұлы.
Әдетте қала көшелерінде Ұлттық ұланның 3 сарбазының бірлесе жүргенін жиі байқаймыз. Жан-жақты бақылап жүрген қатардағы жауынгерлерге адамдармен жеке мақсатта сөйлесуге болмайды. Тек азамат қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда ғана сұқбаттасуға тиіс.
«Тұрғындардан қызметке пайдасы жоқ заттарды алуға және оларға беруге болмайды. Тақырыптан тыс әңгіме айтуға тыйым салынған. Азық-түлік, ұялы телефон ұсынатын адам көп. «Мен де әскерде болғанмын, інім» деп келетіндер бар. Кейбірі ақша ұсынады, бірақ алмаймыз», - деп түйіндеді сарбаз Асылбек Данабекұлы.
Ал сарбаз белгіленген тәртіпті бұзса, оған әскери бөлімде жаза қарастырылған. Алайда бастапқы кезде ескерту жасалады.