Былтыр Маңғыстау облысына 41 мың адам келген
Ақтау қаласы мәслихаты шетелдік туристерге арнайы жарна төлеуді міндеттейтін шешім қабылдады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың депутаты Гүлмира Әбішева айтты.
Оның айтуынша, арнайы жарна қаланың туристік әлеуетті мүмкіндігін арттыруға, соның ішінде инфрақұрылым мен қызмет түрлерін жақсартуға жұмсалады.
Мәслихаттың шешімі жарияланған кезден бастап 10 күннен кейін орындалатын болады.
Шетел туристерінің жарна төлеу тәжірибесі көптеген елдерде бар. Мысалы, Грузия, Чехия, Біріккен Араб Әмірліктерінде туристерден арнайы жарна алынып отырады. Ал Ақтауға келсек, шетелдік азаматтардың ақшасы қаланы дамытуға жұмсалады. Соңғы кезде Маңғыстау облысына туристер көптеп келіп жатыр. Жарнаның ақшасы өңірдің қазынасына түседі, – деді ол.
Осы ретте депутат мысал ретінде жарнадан түскен табысқа Каспий теңізі жағалауында биодәретхана салуға болатынын айтты.
Дерекке сүйенсек, 2021 жылы Маңғыстау облысына 29 мың турист келсе, былтыр 41 мың адам өңірге туристік сапар жасаған.