«Әйелім көзіме шөп салды»: Елорда тұрғыны мүгедектігі бар екі қызын жалғыз өзі бағып отыр
Әйелімнің опасыздығын кешіре алмадым
Астаналық Ерлан Сәрсенов тоғыз жылдан бері екі қызын жалғыз өзі бағып келеді. 2014 жылы жұбайымен ажырасқан ол дамуында тежеуі бар балаларын өзімен алып қалған, деп хабарлайды nur.kz.
Ерлан әйелімен ажырасуына не себеп болғанын Хабар арнасына берген сұхбатында баяндап берді.
«Жұбайыммен 2014 жылы ажырастым. Қазір 9 жылдай болып қалды. 28 жасымда үйлендім. Үйленер алдында жарты жылдай кездесіп жүрдік. Ал кейін алты жыл бірге тұрдық. Бұрынғы әйелім өзімнен 11 жас кіші болатын. Маған тұрмысқа шыққанда 17 жаста болды. Ажырасуымызға басты себеп - әйелімнің көзіме шөп салғаны. Мен механизатор болып жұмыс істегендіктен, айлап іссапарда, егін басында жүремін. Сол кезде әйелім көзіме шөп салған. Екі қызым бар. Әйелімнің опасыздығын кешіре алмадым. Ол өзі екі жылдан соң кешірім сұрады. Бірақ қабылдай алмадым. Бұрынғы әйелімнің кездесіп жүрген жігіті болған соң, екі қызымды алып қаламын деп шештім. Ол да бұған келісті», - дейді Ерлан.
Жалғызбасты әкенің айтуынша, оның екі қызының да мүгедектігі бар.
«Бір қызымның дамуына тежеу бар, екінші қызымның талмасы ұстайды. Екінші топ мүгедегі. Меніңше бұл да анасының жағынан тұқым қуалайтын дерт. Өйткені әйелімнің әкесінде талма ауруы болған екен. Қазір екі қызымды да өзім қараймын. Арнайы мектепте оқиды. Ауруханаға жатып қалатын кездер болады. Оларды тастап кетуге болмайды. Қатты қиналған кезде ауылдан анам келіп, көмектеседі. Осы уақытқа дейін жұмыс істеп келгем. Биыл комбайнға шықпаймын. Себебі қыздарыма қарайтын ешкім жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек және қызымның мүгедектігі үшін жәрдемақы аламын. Соған күн көріп жатырмыз. Анасы қыздарына телефон шалып тұрады. Бірақ келіп, іздеген емес», - дейді ол.
Бүгінде екі қыз да туған анасын көргісі келмейді.
«Олар аналарын іздемейді.«Одан да басқаға үйлен», - дейді. Олардың араласып, сөйлесуіне еш қарсы емеспін. Бірақ қыздарым қаламайды. Кіші қызым өзіме қатты еркелейді, үлкенім тұйықтау. Аналарыңды шақырайын десем, екеуі де қарсы. Қаламайды», - дейді Ерлан Сәрсенов.