Тұрмыстық зорлық үшін жаза қатаңдайды: қол жұмсағандар 20 тәулікке дейін қамалады

Ая Өміртай

Отбасылық жанжалдарға қатысты полицияға жылына 100 мыңнан астам шақыру келіп түседі

Фото: Halyq Uni

19 мамырдан бастап Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік өзгереді. Енді тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі болмайды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Белгілі болғандай, Қылмыстық кодекске енген өзгерістер 19 мамырда, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 1 шілдеден бастап заңды күшіне енбек.

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасында тұрмыстық зорлықтың бірнеше түрі көрсетілген. 

Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін.

  1. Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру.
  2. Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе  өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер жасау. Сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту де психологиялық зорлық-зомбылық болып табылады.
  3. Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.
  4. Экономикалық зорлық-зомбылық — адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

25 ТӘУЛІККЕ ДЕЙІН ҚАМАУҒА АЛЫНАДЫ

Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейетін болады. 

Егер бұрын соттар бір тәуліктен бес тәулікке дейін қамауға алумен шектелсе, түзетулер күшіне енген кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған кінәліге ескерту беріледі немесе бес тәулікке қамауға алынады, қайтадан агрессия жасаған жағдайда 10 тәулікке қамауға алынады.

Қол жұмсағандар үшін жаза ретінде 10 тәулікке қамалады, қайталап ұрғандар үшін қамауға алу мерзімі 15 тәуліктен 20 тәулікке дейін ұзартылды.

Денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін 15 тәулікке, қайталап жасағаны үшін бұрынғыдай 20 тәулікке емес, 25 тәулікке қамауға алу түрінде жазаланады. 

Қылмыстық кодекстің 106-бабы мен 107-бабында ауыр және орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіруге байланысты «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділігі бар адамға қатысты іс-әрекет жасау» деген саралау белгісі енгізілді. Бұл оларды шағын ауырлықтан орташа ауырлыққа ауыстыруға және қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу түріндегі санкцияны қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігінің санкциясы – 3 жылдан 8 жылға дейін, 106-бабының 2-бөлігі – 6 жылдан 10 жылға дейін ҚК-нің 107-бабының 1-бөлігінің санкциясы – 2 жылға дейін, аталған баптың 2-бөлігіне – 2 жылдан 3 жылға дейін. 

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫНЫҢ ПОРТРЕТІ

Айта кетелік, жыл сайын полицияға отбасылық жанжалдарға қатысты 100 мыңнан астам шақыру келіп түседі.

Құқық бұзушының портреті – көп жағдайда ер адам (80%) екенін атап өткен жөн. Олар:

  • 30 жастан 50 жасқа дейінгі ер адамдар (52%);
  • тұрақты жұмыс орны жоқ (74%),
  • кәсіптік және жоғары білімі жоқ (90%);

Тиісінше, зардап шеккендер негізінен – әйелдер (78%).

ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР ЗОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛА МА

Жаңа өзгертулер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қаншалықты ықпал ете алады деген сұрақты сарапшыға қойып көрдік.

Халықаралық заңгер Аяжан Ойраттың айтуынша, отбасыдағы зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату және криминализациялау өте қажет, дегенмен қылмыстардың алдын алуға жеткіліксіз. 

Жазаның қатаңдауы мұндай қылмыстардың толық алдын алуға ықпал етеді деп айта алмаймыз. Оған бірнеше себеп бар. Біріншісі, құқық қорғау органдары мен сот қызметкерлері, кейде судьялардың өзі сексистік қозқарасын өзінің міндеттерін орындауға кедергі жасауға жол береді. Ол әйелдердің өзін кінәлауға, дәлелдерді қабылдамауға, тергеу процесін егжейлі-тегжейлі жүргізуге кедергі жасайды. Қазақстанда істі тіркеуден бас тартқызуға немесе әйелге күйеуіңе жаза жазбай-ақ қой деп үгіттейтіндер бар. Сондықтан сексистік көзқарастармен күресуге бағытталған әлі де бірталай іс шара жүргізу қажет, – дейді маман.

Оның айтуыша, зорлық-зомбылық жасауға себепші болған агрессорлармен жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен және азаматпен жеке жұмыс жүргізу маңызды.

Екінші мәселе, ол жүйенің сол агрессормен жұмыс істемеуі. Зорлық-зомбылық жасалудың алғышарттары бар: ол адамның психикалық ауруларының болуы, агрессиясымен жұмыс істей алмауы, ішімдік пен есірткіге құмарлығы және өзге де. Осындай жағдайларды ескере отырып, агрессорлады сот шешімі арқылы арнайы мәжбүрлі емдеуге жіберу керек. Мұндай кешенді іс-шаралар жазаға тартылған адамның келешекте қатерлі әрекеттер жасамауына септігін тигізеді, – дейді заңгер Аяжан Ойрат.

2023 жылдың 16 наурызында бұл түзетулерді Парламент депутаттары қолдап, Мемлекет басшысы сәуірдің 20-сы күні қол қойды.