Жигули Дайрабаевтың екі ұлы 5 жылға сотталды
6 сәуірде Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шықты. Мемлекеттік айыптаушы қылмыстардың жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалықты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оларға пробациялық бақылау қойылады.
Бүгін депутат Жигули Дайрабаев журналистердің бірқатар сұрағына жауап беріп, істі болған ұлдары үшін кешірім сұрамайтынын айтты.
- Неге сіз балаларыңыз үшін кешірім сұрамаймыз?
- Маған қоятын кінәсі болса, соны айтыңыз. Сол үшін кешірім сұраймын. Балаларым өз тірлігіне өздері жауап береді. Мені айыпты етпеңіздер.
- Ұлдарыңызға дұрыс тәрбие бермедіңіз бе?
- Оны уақыт көрсетеді. Алдын ала сәуегейлік жасай алмаймын. Оны құқық қорғау органдары шешеді. Мен сот жұмысына араласа алмаймын.
- Журналистердің сұрағына жауап бермейсіз бе? Шетелде осындай жағдай болса, отставкаға кетіп жатады. Сізге мандат қымбат па?
- Менің отставкаға кеткенімнен, өздеріңіз сияқты қазақ халқына тигізер пайдам көп.
Еске салайық, сот барысында Ерлан Күлекеевтің Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары бола отырып, сондай-ақ кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық (кейінгі екеуі депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары) субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.