Олар өмір бойына бас бостандығынан айырылған
Ирактағы түрмеде жазасын өтеп жатқан (өмір бойына бас бостандығынан айырылған) қазақстандық әйелдер аштық жариялап жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ирактан «Русафа» операциясы аясында бүлдіршіндер Қазақстанға жеткізілді. Алайда олардың аналары өмір бойына бас бостандығынан айырылып, Бағдат (Ирак) түрмесінде жазасын өтеп жатыр.
Біздегі ақпаратқа тоқталайын. Биыл 24 сәуірде Қазақстанның Иорданиядағы елшілігіне Ирак билігінің террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімге наразылық ретінде Бағдаттағы Русафа-6 атты түрмесінде отырған шетелдіктер – оның ішінде Қазақстан азаматтары да аштық акциясын бастағаны туралы хабарлама түсті, - деді СІМ ресми өкілі.
Оның айтуынша, Бағдат түрмесіндегі әйелдер өз мемлекеттеріне экстрадициялау процедурасын тездетуді талап етіп отыр.
Аштық акциясы Ирак билігінің «Рақымшылық туралы» заңға қол қоюы туралы қауесет аясында басталды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Ирак билігі биыл барлық санатта қылмыс жасаған адамдарға «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл нақты ақпарат емес.
Айта кетейік, рақымшылық жасалатын адамдар өз жазасының үштен бірін сол елде өтеуге тиіс. Қазір аталған мекемеде ДАИШ террористік ұйымының жұмысына қатысқаны үшін сотталған 6 Қазақстан азаматы жазасын өтеп жатыр, - деді Айбек Смадияров.