Іле ауданында жантүршігерлік жол апатынан 6 адам зардап шекті (ВИДЕО)
Олардың бірі – жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 17 жастағы жасөспірім
Алматы облысында BMW және Daewoo соқтығысып, 6 адам зардап шекті. Арасында кәмелетке толмаған бірнеше бала бар.
Жол апатының бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап кетті. Жол апаты Байсерке-Тілендиев тас жолының 26-шақырымында болған. Балалар ауыр жараланған, бірі жансақтау бөлімінде жатыр.
Алматы облысының полиция департаменті апаттың 30 сәуірде Іле ауданындағы Төңкеріс-Байсерке-Қараой-Межуреченск автожолында болғанын хабарлады. Daewoo көлігінің 20 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағына тоқтағанда оған BMW көлігі келіп соқтығысқан. Салдарынан екі көліктің бірі аялдамаға соғылған.
Жол апатынан 6 адам зардап шекті, оның ішінде бірнеше кәмелетке толмағандар бар. Олардың бірі – жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 17 жастағы жасөспірім. Әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Қалғандары медициналық тексеруден кейін үйіне жіберілді. Тергеу Қылмыстық кодекстің 345-бабы («Жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу») бойынша жүргізіледі, - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Ведомство жол апаты бойынша мән-жайларды зерттеудің толықтығы мен объективтілігі үшін барлық қажетті сараптамаларды жасап жатыр.