×

Ресей Қорғаныс министрлігі Суданнан қазақстандықтарды эвакуациялады

Елде 15 сәуірде саяси жағдай ушығып, билік үшін талас басталған болатын

 Динара Амантай 02.05.2023 | 11:11
Фото: видеодан скриншот

ТМД және Қазақстан азаматтары бар Ресей Аэроғарыш күштері әскери-көлік авиациясының төрт Ил-76 ұшағы Суданнан ұшып шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бортта Ресей елшілігі мен РФ Қорғаныс министрлігі өкілдіктерінің қызметкерлерінен, олардың отбасы мүшелерінен, сондай-ақ басқа елдердің азаматтарынан тұратын 200-ден аса адам бар.

Ресей Аэроғарыш күштері әскери-көлік авиациясының төрт Ил-76 ұшағы Судан Республикасынан Ресей Федерациясына 200-ден аса адамды, сондай-ақ олардың ілесіп жүретін адамдары мен жүктерін жеткізіп жатыр, - деп мәлімдеді РФ Қорғаныс министрлігінің ресми Telegram арнасы.

РИА Новости дереккөзінің мәліметінше, Суданнан эвакуацияланған 203 адамның ішінде ресейліктермен бірге ТМД елдерінің, сондай-ақ Қазақстан азаматтары да бар. Агенттіктің мәліметінше, ұшақтар жанармайды толықтыру үшін Каир арқылы ұшып өткен.

Сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Франция, Египет және басқа елдер де өз азаматтарын Суданнан эвакуациялады. БҰҰ мәліметінше, елден 815 мың босқын, оның ішінде судандықтар да Суданнан кетеді деп күтіліп отыр.

Еске сала кетсек, Суданда 15 сәуірде саяси жағдай ушығып, билік үшін талас басталған болатын. Ұрыс ірі қалаларды, соның ішінде ел астанасы Хартумды да қамтыды. Бұған дейін Қазақстанның бірқатар азаматы қақтығыс аймағынан эвакуацияланғанын хабарлаған болатынбыз.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігі 500-ден аса адам қаза тауып, 4,5 мыңнан астамы жараланғанын мәлімдеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама