×

Елімізде 100-ден астам қару-жарақ қоймасы анықталды

Бұл қоймалар арасында Қаңтар оқиғасына қатысы барлары да жеткілікті

 Халық үні 14.04.2022 | 07:30

Полиция түрлі қару пен оқ-дәрілер сақталған 100-ден астам жерді анықтады.

Ішкі істер министрлігінің Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарының аумағында жүргізген арнайы операциялары мен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мыңнан астам адам ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Ұсталғандардың ішінде деструктивті ағымдарды жақтаушылар, ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетекшілері мен қатысушылары, сондай-ақ атыс қаруының заңсыз айналымына және 4-7 қаңтар аралығындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар күдіктілер де бар.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде қару мен оқ-дәрілер сақталған 103 орын табылды. Тінту барысында 1 363 атыс қаруы, оның ішінде: 137 автомат, 1 Калашников қол пулеметі, 420 тапанша, 150 ойық карабин, 455 тегіс ұңғылы мылтық, 12 «Форт-500» өлімге әкелмейтін мылтық, 188 өзге де қару түрі, бұған қоса 279 граната және 35 470 түрлі калибрлі оқ-дәрі тәркіленді, – дейді полиция.

Бұдан басқа жаппай тәртіпсіздік кезінде тонаумен айналысқандарды анықтау бойынша іс-шаралар кешені жүзеге асып жатыр. Қабылданған шаралар нәтижесінде 768 күдікті анықталды.

«Ұсталғандардан 16 миллион теңге көлемінде қаражат және 5 819 ұрланған мүлік тәркіленді. Тәркіленгендер арасында 12 автокөлік, 796 ұялы телефон, 665 тұрмыстық техника, 376 зергерлік бұйым, 943 киім, 615 косметикалық құрал және 2,5 мыңнан астам түрлі тауарлық-материалдық зат бар», – делінген ақпаратта.

Қазір жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама