×

Ауылдардың 94,5%-ы сумен қамтамасыз етілген – министр

Биыл сумен жабдықтауға 280 млрд теңге бөлінген

 Дәурен Ерболат 02.05.2023 | 10:24
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда ауылдардың 94,5%-ы сумен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Айта кетсек, президент 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ауылдарды 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл тапсырма «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде орындалады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыз суға қолжетімділік қалаларда – 98,4% және ауылдарда – 94,5%. 9 өңірдің қала тұрғындары (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жетісу, Маңғыстау, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ұлытау облыстары) ауыз сумен 100% қамтылған.

Қалаларда ауыз сумен қамтудың ең төмен көресеткіші Жамбыл облысында – 91,9%, ал ауылдар бойынша Қостанай облысында – 80,4%, Ақмола облысында – 89,8% және Солтүстік Қазақстан облысында – 85%», - деді министр Үкімет отырысында.

Марат Қарабаев сумен қамту көрсеткіштері төмен өңірлерге қаражат басым негізде бөлініп отырғанын атап өтті. Айтуынша, қазір елімізде сумен жабдықтауға қомақты қаражат бөлінеді.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд теңге бөлінді.

Оның ішінде қалаларда 135 жобаны (27 қалада – сумен жабдықтау, 23 қалада – су бұру) іске асыруға 167 млрд теңге (оның ішінде су бұру жобалары бойынша 56,6 млрд теңге) және ауылдарда 267 жобаны іске асыруға (270 ауыл) 113 млрд теңге бөлінді (оның ішінде су бұру жобалары бойынша 3,7 млрд теңге)», - деді министр.

Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 98,8% және ауылдарда 96,3% қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама