Halyq Uni логотип
×

Екібастұзда полицейлердің мас адамға күші жетпей жүр (ВИДЕО)

Тәлтіректеп әрең жүрген тәртіп бұзушыға қызметтік көлікті зақымдауға да мүмкіндік беріп қойған

 Еркеғали Болатұлы 01.05.2023 | 12:09
Екібастұзда полицейлердің мас адамға күші жетпей жүр (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Екібастұзда мас халдегі 34 жастағы ер мен 32 жастағы әйел полиция қызметкерлерімен төбелескен. Бұл туралы видео әлеуметтік желілерге тарап кетті.

Кадрдан байқағанымыздай, жергілікті екі полицейдің мас халдегі жалғыз адамға әлдері келмей жүр. Тіпті, тәлтіректеп әрең жүрген тәртіп бұзушыға қызметтік көлікті зақымдауға да мүмкіндік беріп қойған. Ол полицейлердің нысандық киімін жыртып, көліктің алдыңғы әйнегін шағып тастады. Онымен қоймай, шенділерге әйел де жабылып әлек.

Сақшылардың мәліметінше, оларға Пішенбаев көшесіндегі дүкеннің жанында біреулердің ішімдік ішіп отырғаны туралы хабарлама түскен. Полицейлер оқиға орнына барған кезде дерек расталған. Алайда мас ер мен әйел полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық танытқан.

Ұсталғандар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама