×

«Тоқ болған күніміз жоқ». Атырауда 50 шақты ана қала әкімдігінің алдына жиналды

Атыраулық аналар қала әкімі орынбасарының отставкасын талап етті

 Айнұр Асылбекқызы 13.04.2022 | 21:43
фото: Halyq Uni

13 сәуірде Атырауда 50 шақты ана наразылығын айту үшін қала әкімдігінің алдына жиналды. Жиын соңы қала әкімі Мейірім Қалауимен кездесуге ұласты. Ашынған аналар қала әкімінен баспана, алимент, балабақша кезегі мәселелерін шешіп беруді сұрады. Бұдан бөлек, қала әкімдігі алдына жиналған аналар қала әкімінің орынбасары Самат Ембергенді қызметінен босатуды талап етті.

Алайда аналар кейбір талабының орындалуына қазірдің өзінде күмәнмен қарап отыр. Өйткені, бұған дейін әкім орынбасары Самат Ембергеннің де мәселелерді қарастырамыз деп, соңында ештеңе шешпегенін айтады.

Қала тұрғыны Нұргүл Ақтілеуова үш баланы жалғыз өзі асырап отыр. Өзі - ІІІ топтағы мүгедек. Балалары кәмелеттік жасқа толмаған – 6, 8 және 11 жаста. Ол күйеуімен 2017 жылы ажырасқан. Содан бері жарытып алимент төлемейтінін айтады.

«Бұрынғы күйеуім 2019 және 2020 жылдар үшін алиментті мүлде төлемеді. Оған дейін де жарытып төлегені шамалы -5 мың, 10 мың теңгеден береді. Ал, 2021 жылы қыркүйекте 50 мың теңге және желтоқсанда 100 мың теңге төледі. Биыл сәуірде 50 мың теңге берді. Қазір әлі де 2,5 млн теңге борышы бар. Өзі жұмыссыз. Сот орындаушылары есепшотын бұғаттаған. Бірақ, оның атында ештеңе жоқ, сондықтан бұғаттан бір нәрсе шешіп отырғаны шамалы. Одан да оны мәжбүрлеп жұмысқа кіргізіп, алиментті төлеттіру керек деп есептеймін. Мен сияқты алимент ала алмай жүрген қаншама аналар бар», - дейді ол.  

- Сіз сонда қалай күн көріп отырсыз?

- Мен мүгедектігім бойынша төленетін әлеуметтік жәрдемақы мен еңбекке жарамдылығын жоғалту жағдайы бойынша берілетін әлеуметтік төлемді қосқанда 53 000 теңге айлық табысым бар. Бұл ақшаға күн көру мүмкін емес. Айына үш-төрт рет біреудің үйін жинап, еденін жуып беріп, қосымша аз-маз ақша табамын. Арасында Analarga Komek Qoldaw қоғамдық бірлестігі көмектеседі.

Эльвира Кубесова деген ана егіз баласын балабақшаға орналастыра алмай жүр екен. Оның бес баласы бар, үлкені 10 жаста, кенже балалары үшке толады. Балабақшы кезегіне бір жыл бұрын тұрған.

«Мен дүкенде жұмыс істеймін. Үйдегі кішкентайларды таңертең және түсте кезектесіп мектепке баратын қызым (4-сынып) мен 2-сыныпта оқитын ұлым қарайды. Сыртынан құлыптап кетемін. Өзіміз үшінші қабатта тұрамыз, балалар терезеге жүгіреді. Жұмыста алаңдап отырамын. Қанша дегенмен, мектеп жасындағы балалар ғой, кейде дұрыс қарай алмайды. Ал ортасындағы үшінші балам былтыр күзден бастап балабақшаға бара бастады. Оның да кезегін көп күттік», - дейді Кубесова.

Оның қала әкімінің шаһарда балабақшалар салынып жатыр деген жауабына көңілі толмайды.

Мен балабақшадан орын алып бере ме деп күтіп едім, жаңа балабақшалар салынып болғанша балалар өсіп қалады, - дейді көпбалалы ана.

Пәтерден пәтерге көшуден шаршаған Алтын Рахимова деген ананың да айтары бар.

«Жолдасым 2016 жылдан бері жетімдер санаты бойынша үй кезегінде тұр. Мен 2019 жылдан ерекше баламен тұрамын. Ұлым қазір 12 жаста, ІІІ топтағы мүгедек. Алты айлығында термикалық күйік алған. Алты ай сайын операцияға апарамын. Одан басқа екі балам бар. Менің тұрмыс құрғаныма 15 жыл болды. Содан бері пәтер жалдап қиналып жүрміз. Үйде жолдасым ғана жұмыс істейді. Мен бала қарап отырмын. Жолдасымның тапқан табысын пәтер жалдау ақысына жұмсап отырмыз. Басқаға ақша жетпейді. Аш отырамыз, балаларым киім кие алмайды, сабаққа бара алмайды. Өзім жұмысқа шығып көмектесейін десем, үш жастағы баламды кезегі келмеген соң балабақшаға бере алмай отырмын. Шынымды айтайын, тоқ болған күніміз жоқ. Баспана кезегі мүлдем жылжымайды. 2016 жылдан 2022 жылға дейін тек қана 200 адамға шегерілді. 847-ші болып тұрған кезек қазір 647 болды. Сонда менің ол үйді әлі 20 жыл күтуім керек екен. Ең болмаса жолдасыма жетімдер санаты бойынша көмектесуге болады ғой. Кезек күтуім керегін айтады, ал кезек мүлде жылжымайды», - дейді Рахимова.

Тағы бір көпбалалы ана Альбина Ермекова қала әкіміне әлеуметтік тұрғын үйлердің санын көбейтуді өтінді.

«Мен баспана кезегінде 2016 жылдан бері тұрмын. Өзім қазір алтыншы баланы күтіп отырмын. Әкім биыл Береке ықшам ауданынан аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасыларға 240 пәтер беріледі деп отыр. Бұл аз. Неге Отбасы банкінің 50/50 тұрғын үй бағдарламасын біз сияқты көпбалалы аналарға қолжетімді етіп қарастырмайды? Мысалы, жарнасыз ипотека берсе», – дейді Ермекова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама