Қазақстанда автохтония мәселесі қаншалықты өзекті?..
Әлеуметтанушы Гүлмира Елеуова елімізде автохтония мәселесі барын бұдан бұрын мәлімдеген еді. Мысалы, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тәжік ұлтының өкілдері шоғырланған болса, олар сол жерде бұрыннан өмір сүріп келе жатқанын айтқан болатын. Өйткені 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы халық санағына қарасақ, қазақтар сол оңтүстік өңірлердің өзінде 100%-ды құрамаған.
Сол сияқты, бүгінде ұйғыр ұлтының өкілдері негізінен Алматы облысында, дүнген ұлтының өкілдері Жамбыл облысының аумағында орналасқаны белгілі. Ал елдегі өзге ұлт өкілдері ел аумағына қаншалықты кең қоныстанған? Басқа өңірлердегі саны қанша? Бұл мәліметтерді ресми статистикадан қарап көрдік.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде Қазақстан халқының саны – 19 808 430 адам. Оның шамамен 13,5 миллионы – қазақтар.
Ал өзге ұлт өкілдеріне келсек, ең көбі – орыстардың саны 3 миллионға сәл жетпей тұр. Алайда 2009 жылдан бері елдегі орыстар саны 20% кеміген. Ел аумағына қоныстану жағдайына келер болсақ, толыққанды шашырай орналасқан деуге келіңкіремейді. Мәселен, көбі Алматы қаласы мен Алматы және Жетісу облыстарында тұрады. Саны 645 мың төңірегінде. 2009 жылдан бері екі облыста 20%, ал Алматы қаласында 12% азайған екен.
Одан соң ШҚО-да 431 мың, ал Қарағанды облысында 392 мыңға жуық орыс тұрады. Елорда мен Ақмола облысын қоса алғанда, 330 мыңға жетеғабыл. Қостанай облысында 280 мыңнан асады.
Бұлардан бөлек, Алматы, Ақмола, СҚО жәнне Павлодар облыстарында 200-240 мың аралығында. Ал Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарында 30 мыңның айналасында. Қызылорда облысында тіпті 12 жарым мың ғана.
2009-2021 жылдар аралығындағы еліміздегі өзге ұлт өкілдері санының өзгерісі
Ұлт өкілдері |
Саны |
Өсуі/кемуі |
Орыстар |
2 981 946 |
- 21% |
Өзбектер |
614 047 |
+34% |
Украиндар |
387 327 |
+16% |
Ұйғырлар |
290 337 |
+29% |
Татарлар |
218 653 |
+7% |
Немістер |
226 092 |
+27% |
Одан соң саны жағынан ең көбі – өзбектер 12 жыл ішінде 34% көбейген. Алайда елдегі бүкіл өзбек ұлты өкілдерінің 89%-ы Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұрады. Көршілес Жамбыл облысында 30 мыңға жуықтайды. Ал Атырау, БҚО, СҚО-да тіпті мыңға да жетпейді. Қалған облыстарда 2-3 мыңның айналасында ғана.
Украиндарға келсек, осы аралықта 16% өсім көрсеткен. Олардың 88 мыңы – Қостанай облысында. Одан соң Павлодар, Қарағанды, елорда мен Ақмола облысы, сондай-ақ СҚО-да 40-60 мың аралығында қоныстанған.
Ұйғыр ұлтының саны 29% артқан екен. Мұнда да жағдай өзбектерге ұқсас. Қазақстандағы 290 мыңнан астам ұйғыр ұлтының шамамен 95%-ы Алматы қаласы мен облысында орналасқан. Ал батыс облыстар мен Қызылорда облысы және солтүстік өңірлерде 150-300 аралығында ғана саналады.
Татар ұлты өкілдерінде өсім аса байқалмайды. Небәрі 7% ғана көбейген. Елде 219 мыңға жуық тұратын болса, оның 45 мыңы Алматы қаласы мен облысында. Ал Қарағанды облысы, сондай-ақ елорда және Ақмола облысын бірге алғанда, бұл екі өңірде 30 мыңның шамасында саналады. Қалған солтүстік өңірлерде 12-14 мыңның аралығында болса, батыс және оңтүстік облыстарда 2-3 мың және 9-10 мың шамасында саналады.
Қазақстандағы топ 6 этностың соңы – немістер 12 жылда 27% көбейген. Олардың көпшілігі Астана мен Ақмола облысында екен. Қала мен облысты қосып есептегенде 42 мыңнан астам өкілі бар. Одан соң Қарағанды облысында 39 мыңға жуықтаса, Алматы қаласы мен облысын қоса есептегенде, 27 мың неміс тұрады. Ал ең азы – Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында мыңға жетпейді.