×

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

Президент «Ұлт бірлігін нығайту жолындағы жемісті еңбегі үшін» орденін беруді ұсынды

 Халық үні 01.05.2023 | 09:00
Фото: Тимур Батыршин

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. 1995 жылдың 18 қазанында мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан халқының бірлігі күні бекітілді. 

Бастапқыда бұл күн «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» деп аталды. Ол кезде Қазақстан халқы ассамблеясының атауында да көптік жалғау болды. Кейінірек өзгеріс енгізіліп, көптік жалғау алынды. Оның мақсаты – Қазақстан халқының біртұтас ел екенін көрсету. 

Елімізде 1 мамырға дейін жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысы өтеді. Биыл ұйымның XXXII cессиясы 27 сәуірде өтті. Жиынға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат, - деді мемлекет басшысы.

Ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады», - деді мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының 2 сыйлығын тағайындауды ұсынды:

  • Біріншісі – әдебиет және журналистика саласындағы үздік еңбектері үшін;
  • Екіншісі – мәдениет пен өнер саласындағы үздік туындылар үшін.

Бұл сыйлықтарды жеке авторлар да, шығармашылық топтар да ала алады. Бұл ретте ақшалай сыйақының мөлшері мемлекеттік сыйлықтан кем болмауға тиіс.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік награданы тағайындауды ұсынды.

Жаңа мемлекеттік награда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлт бірлігін нығайту жолындағы жемісті еңбегі үшін» ордені бекітілуі керек. Алғашқы лауреат аталған наградаларды биыл қазанда – Республика күнінде тапсыруға болады, - деді президент.

Сондай-ақ елімізде ұлтаралық бірлік пен достықты нығайтуға арналған тағы бір дата бар. Ол – Алғыс айту күні. Бұл мерекені ассамблея құрылған күні – 1 наурызда мерекеленеді.

Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама