Хайуанаттар бағына келушілер өздерімен бірге шар алып кірмеуі шарт
Кеше хайуанаттар бағында ұзақ жылдар бойы балаларды күймемен серуендетіп жүрген ат шарлардан үркіп кетіп, салдарынан демалушылар зардап шекті, деп хабарлады ekaraganda.kz.
Қарағанды хайуанаттар бағы тұяқтылар бөлімінің басшысы Ербол Ғабдуллиннің айтуынша, бұл атты күймеге жегіп, демалушыларды серуендетіп жүргендеріне 8 жыл болған. Жануар жуас. Тек кеше ғана ұшып бара жатқан шардан үркіп кеткен.
Әр демалыс сайын біз балаларды күймеге отырғызып, қыдыртамыз. Жұмыс уақыты аяқталуға жақындаған еді, ат байлауда тұрған. Осы кезде сол маңнан бала ата-анасымен бірге өтіп бара жатқан. Баланың қолында бірнеше шар болды. Жел тұрып, шарлар жылқыға қарай ұшып кетті. Жылқы үркіп, жібін үзіп, адамдар отырған беседкаға қарай шапқан. Ол жерде екі баласымен ерлі-зайыпты отырған. Барлығы зардап шекті. Ауыр жарақат жоқ. Біз жедел жәрдем шақырдық. Оларды ауруханаға әкетті, содан кейін үйіне жіберді, - деп баяндады оқиғаның мән-жайын Ербол Ғабдуллин.
Хайуанаттар бағының мәліметінше, әкесі мен 2 баласы жеңіл жарақат алған. Ал әйелдің аяғы мен арқасы жараланған.
Біз хайуанаттар бағына келушілерден шарларды өздерімен бірге алып келмеуін сұраймыз. Жануарлар әр сыбдырдан қорқуы мүмкін. Бұл – жай ғана жазатайым жағдай. Бізде ипподром тұр. Құрылыс біткен соң, демалушыларды сол жерде жылқылармен серуендетеміз, - деді Ербол Ғабдуллин.
Бұл ретте хайуанаттар бағының аумағында әуе шарларын сатуға тыйым салынған. Бақ әкімшілігі келушілерден өздерімен бірге шарларды алып кірмеуді сұрайды.