Ақтөбе облысында жасөспірімдер өз құрдастарын себепсіз тепкілеген (ВИДЕО)
Оқиғаға қатысушылар полиция бөліміне жеткізілді
Ақтөбе облысында құрдастарын себепсіз ұрып-соққан бір топ бала анықталды.
ІІМ мәліметінше, 28 сәуірде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бір топ жастың өз құрдастарын ұрып-соғып жатқаны туралы бейне анықталған.
Полиция қызметкерлері осы ақпаратты тексеру барысында Алға қаласында Niva автокөлігімен жүріп келе жатқан бірнеше кәмелетке толмағандардың өз құрдастарын көшеде кездестіріп, оларды себепсіз ұрып-соққанын анықтады, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Оқиғаға қатысушылар полиция бөліміне жеткізілді. Онда олармен және ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандардың бірінің ата-анасына тиесілі көлік арнайы тұраққа қойылды.