Павлодарда танысын балталап өлтірген күдіктіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Динара Амантай

30 жылға жуық бұрын болған қылмыс ашылды

Фото: depositphotos

Павлодарда адам өлтірген күдіктіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, биыл наурызда Павлодар ауданы Пресновка ауылының аумағында 1994 жылы болған қылмыс ашылған. Жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сот сараптамаларымен Ч. Есімді азаматтың осы қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Ол жәбірленушімен бірге алкогольдік ішімдіктер ішу кезінде жанжал туындап, балтамен басына бірнеше рет ұрған. Жәбірленуші салдарынан оқиға орнында қаза тапты.

Күдікті ауруына байланысты (бауыр циррозы) қайтыс болған. Жеткілікті дәлелдемелік базаның болуын және ұлының келісімін ескере отырып, қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша, яғни күдіктінің қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.

Айта кету керек, өңірде соңғы үш жылда «өткен жылдары» жасалған қасақана кісі өлтірудің 7 фактісі ашылды.