Halyq Uni логотип
×

«Қытай компаниясына құл болдық»: Жамбылда жол салушылар жалақысын көтеруді талап етті

Жалақысын өсіруді талап еткен тұрғындар бір аптадан бері жұмысқа шықпаған

 Ұлдана Жұбай 13.04.2022 | 16:56
«Қытай компаниясына құл болдық»: Жамбылда жол салушылар жалақысын көтеруді талап етті
фото: Halyq Uni

Меркі ауданында «Меркі-Бурылбайтал» бағытында жол салумен айналысатын тұрғындар жалақысының аздығын айтып, талап қойды. 70-тен аса тұрғын қытайлық «Цинь-цинь» серіктестігі үш жылдан бері жалақы мөлшерін көтермей отырғанын айтты.

Жол құрылысшылары егер 60 мыңнан басталатын жалақысын өсірмесе жаппай жұмыстан кететінін айтып отыр. Оған қоса, қытай компаниясы жұмысшыларын қарапайым қауіпсіздік заттарымен қамтамасыз етуді де доғарған.

«Қытай компаниясы үстемдік жасап, бізді жалдамалы құл қылды. Екі айдан бері айтып жүрміз, бірақ айлығымыз сол күйі өскен жоқ. Компания басшылығы «Көнбесеңдер, кете беріңдер» деп отыр. Екі жылдан бері не арнайы киім де берілген жоқ», - дейді Мергенбай Дабылов есімді жұмысшы.

Бақытжан Оңғарбаев есімді тұрғын жалақыны көтеруді сұрағандарды жұмыстан қудалайтынын айтып, кімнен көмек сұрарын білмей отыр.

Мәселені көтереміз. Кім артық сөз сөйлеп, арызын айтса, соны бірден шығарып жібереді. Енді не істейміз? - дейді ол.

Ал қытай компаниясының өкілі жалақы мөлшерін өсірмеуді қымбатшылықпен байланыстырды.

«Біз 260 шақырым жолдың жартысын саламыз. Бұл 39 млрд теңгенің жобасы. 2017 жылдан бері құрылыс заттары қымбаттады. Сондықтан жұмысшылардың айлығын көтере алмадық. Ал, арнайы киімдеріне берген тапсырысымыз 2-3 аптада келеді. Бұл наразылықты басшыларға айттық. Үш күнде жауабы беріледі», - «Цинь-цинь» құрылыс және дамыту қытай компаниясый ЖШС бас инженері Цюань Ицюань.

Наразылық акциясын ұйымдастырған жерге облыс орталығынан бірқатар шенеунік жетті. Олар бұл мәселенің шешімін уақыт еншісіне қалдырып отыр.

«Қытай компнаиясының өкілдері үш күнде шешеміз деп отыр. Үш күн күтейік. Мен осылармен қаншама уақыт айқасып келген адаммын», - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.

Жалақысын өсіруді талап еткен тұрғындар бір аптадан бері жұмысқа шықпаған. Жұмыс тоқтап, құрылыс техникалары қаңтарылып тұр. Жұмысшылар талабы орындалмайтын болса жұмысқа шықпауын жалғастыра беретінін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама