Петропавл іргесіндегі бірнеше саяжайда өрт шығып, жүздеген үй жанып кетті

Самат Жақып

Саяжай иелеріне әкімдік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді

фото: Halyq Uni

Петропавл қаласының іргесінде орналасқан бірнеше саяжай қауымдастығы отқа оранды. Құтқарушылар тілсіз жаумен тәулік бойы арпалысты. Қызыл жалын шамамен 10 гектардан астам аумаққа жайылып үлгерген. Қатты желдің салдарынан оны өртті тоқтату мүмкін болмаған.

«101» телефонына өрт туралы хабарлама кеше түстен кейін сағат 16:40 шамасында түскен.

«21 жыл бойы саяжайға келіп, демалып жүрдік. Үйдің ішінде түрлі тұрмыстық техникалар мен жиһаздар сақтаулы тұрған еді. Түгі қалмай жанып кетті. Қазір шағын үйді қайта тұрғызу үшін кем дегенде 2 млн теңгедей қаражат керек. Мен сияқты зейнеткерде ондай ақша қайдан болсын. Сондықтан мемлекет тарапынан көмек болса, нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Олег Дмитриев.

Қатты желдің салдарынан от 10 гектардан астам аумаққа жайылған. Салдарынан бес саяжай коперативіне залал келді.

«Бүгін есептеп шықтым, біздің коопперативтегі 73 үйдің тек оны ғана қалған. Жақында ғана қалтамыздан қаржы шығарып электр желісін тарттық. Бұдан бөлек су өткізу үшін 500 метрдей аумаққа құбыр төсеген едік. Бәрі зая кетті. Тек біздің қауымдастыққа ғана миллиондаған шығын келіп отыр. Жеміс ағаштары жанып кетті. Енді не істерімізді білмейміз», - дейді «Весна» саяжай қауымдастығының төрағасы Геннадий Красножённов.

Жылда сәуір айында Есіл өзені тасып, бұл саяжайларды су басып қалатын еді. Ал, биыл халық өрттен жапа шекті. Қазір табиғи жағдайға байланысты төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрттің неден шыққаны анықталуда.

«Кеше желдің екпіні секундына 20-23 метрге дейін жетті. Бұл жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. Салдарынан барлық гарнизон тоқтаусыз жұмыс істеді. Жеке құрамнан бөлек, бос ауысымдағы қызметкерлер де осында жұмылдырылды. Барлық қызметтің бірлесе әрекет етіп, соның арқасында біз өртті ауыздықтадық. Айта кету керек, мұндағы көшелер тар. Біздің техникаларымыз өте алмады. Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ», - дейді облыстық ТЖД бастығы Рамиль Қамалов.

Саяжай қауымдастығындағы өртке байланысты қазір арнайы комиссия құрылды. Олар шығын көлемін анықтап жатыр.

«Бірден айтайын, саяжай иелеріне әкімдік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді. Өйткені бұл жердегі үйлер Әділет департаментінде тіркеуде тұрған жоқ. Тұрғындарға учаске тек бау-бақша отырғызуға ғана берілген», - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.