«Алтай» тау-кен байыту кешеніне салынған айыппұл 45 млн теңгеге ұлғайтылды
Сот инспектордың қаулысын өзгертті
ШҚО-да «Қазмырыш» ЖШС-не қарасты «Алтай» тау-кен байыту кешеніне салынған айыппұл 256 615 теңгеден 44 824 241 теңгеге дейін арттырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ШҚО Алтай аудандық сотымен «Қазмырыш» ЖШС-нің «Алтай» КБК-не Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабы 1-бөлігі («Шығарындылардың технологиялық нормативтерін, төгінділердің технологиялық нормативтерін қоршаған ортаға асыру, сол сияқты қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін жұмыс істеп тұрған объектіге жаңадан берілген экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды жүзеге асыру») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы бас мемлекеттік экологиялық инспекторының қаулысына Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының наразылығы бойынша шағымы қаралды.
Сотта анықталғандай, «Қазмырыш» ЖШС инспектордың қаулысымен ӘҚБтК-нің 328-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 256 615 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындалған. ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры айыппұл сомасының дұрыс есептелмегендігіне байланысты қаулыны өзгерту туралы наразылықпен сотқа жүгінген.
«Алтай» КБК-ге қатысты тексеру туралы акт негізінде 2020 жылдың 28 қарашасынан 2022 жылдың 22 шілдесіне дейінгі кезеңде ЖШС профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізген. Құқық бұзушылықты жасаудағы ЖШС-нің кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденген және құқық бұзушы тексеру нәтижесімен келіскен.
Сотта департаменттің тексеруді 2022 жылдың 10 маусымынан бастап есептеу жүргізгені, сондай-ақ ол есептің дұрыс емес болып табылғаны анықталды.
Осылайша, «Алтай» тау-кен байыту кешенін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы инспектордың ӘҚБтК 328-бабының 1-бөлігі бойынша қаулысы өзгертілді. Кешенге тағайындалған айыппұл 256 615 теңгеден 44 824 241 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.