Павлодар облысында вахтерді балағаттаған жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды

Динара Амантай

Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйінен тыс жерде жүруінің 343 дерегі анықталған

Фото: Halyq Uni

Павлодар облысында балағат сөздер айтқан жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйінен тыс жерде жүруінің 343 дерегі анықталған. Барлық ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына жол берген ойын-сауық орындарының 27 иесіне қатысты әкімшілік материалдар жасалды, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.

14 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін, оның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады және ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 16 жастан асқан кәмелетке толмағандар ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша сотта материалды қараумен жауапқа тартылады.

Мысалы, облыс аудандарындағы ауылдардың бірінің колледж жатақханасында 15 жастағы кәмелетке толмаған бала вахтерге балағат сөздер айтқан. Осы құқықбұзушылық үшін кәмелетке толмаған баланың ата-анасы ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандармен және оның заңды өкілдерімен алдын алу әңгімесі жүргізілді.