×

Портфолио қалыптастыру процесі қайта қаралады – Ғани Бейсембаев

Болашақта мұғалімдердің жетістігі оқушының жетістігімен бағалануы керек

 Динара Амантай 28.04.2023 | 13:07
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Елімізде педагогтердің портфолиосын қалыптастыру қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда облысының педагогтерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Оқу-ағарту министрінің Жаңақорған және Шиелі аудандарының зерттеуші, шеберлерімен кездесуінде білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланған. Іс-шараға 200-ге жуық қатысушы келді. Олар пікір алмасып, еліміздің бас педагогіне сұрақтар қойып, жауап алды.

Кездесу барысында білім беру сапасын арттыру, педагогтерді оқыту және аттестаттау, арнайы білім беруді дамыту, тәрбие жұмысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Министр барлық ұсыныстарды тыңдап, басым міндеттерді белгіледі.

Министрлік мұғалімдерді аттестаттау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Портфолио қалыптастыру процесі қайта қаралады. Болашақта мұғалімдердің жетістігі оқушының жетістігімен бағалануы керек. Еліміздің жетекші педагогтері – шеберлер мен зерттеушілер жас мамандар үшін үлгі болуға тиіс, – деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетсек, бүгінде Қызылорда облысында 23 мыңнан аса педагог бар. Олардың 4 мыңнан астамы – зерттеуші болса, 27-сі – шеберлер.

Оқу-ағарту министрі сапар барысында бірқатар оқу орындарына арнайы барып, мектептегі тамақтануды, дабыл түймелері мен жедел іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жұмыстарды тексерді. Олардың қатарында «Талдысу» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы, Шиелі ауданының №110 мектеп лицейі және Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектеп бар.

Бүгінде өңірде 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Білім беру ұйымдарына 100% бейнебақылау жүйелері, турникеттер және дабыл түймелері орнатылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама