Halyq Uni логотип
×

Түркістанда жаңа үйлер заңсыз сатылған

Облыста көлеңкелі бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер азаймай тұр

 Дастан Жұмабекұлы 28.04.2023 | 11:56
Түркістанда жаңа үйлер заңсыз сатылған
фото: ашық дереккөз

Түркістан қаласында мемлекеттік бағдарламамен сатылатын үйлердің конкурсы талапқа сай өткізілмеген. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен отырыста облыс бойынша тұрғын үй, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі талқыланды. Осы жиында сөз сөйлеушілер өңірде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мен кәсіпкерлікті дамыту жұмысының тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын атап өтті.

Отырыста белгілі болғандай, облыста көлеңкелі бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны азаймай тұр. Былтыр заңсыз әрекетке барған 56 кәсіп әшкереленді. Олар жасырын цех ашып, акцизсіз өнімдерді саудаға шығарған.

Былтыр екі бірдей қаржы пирамидасы анықталып, 25 адам сотталған. Олар «Evolution Corporation» және «Индиго 24» атаулы компанияда қызмет еткен. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша өткізілген 26 конкурс талапқа сай болмай шыққан. Тұрғын үй бөлімімен мемлекеттік қызметті көрсетудің мерзімдерін бұзу бойынша 103 дерек анықталған. Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде салынған 3 мыңнан аса пәтерді «7-20-25» бағдарламасы бойынша 26 сату конкурсы, атап айтқанда 2021 жылы 9, 2022 жылы 17 конкурс өткізген. Бұл конкурс ешқандай нормативті талапқа сай реттелмеген.

Сонымен бірге Түркістан облысында көлеңкелі бизнеспен айналысқан 56 азамат анықталған. Олардан 68 мың бөтелке алкогольді өнім тәркіленіп алынған. 8 жасырын зауыттың жұмысы тоқтатылды. Түркістан облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті 1-жедел басқармасының басшысы Диас Тобатаевтың айтуынша, биыл көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша заңсыз алкоголь өнімін өндіретін 2 жерасты цехы, 2500 литр көлемінде алкоголь өнімі табылған. Тәркіленген дайын өнімді сақтауға арналған қойма, көлемі 1200 литрден асатын этил спирті жойылған. Сонымен бірге контрабандалық тауарларға, қаржы пирамидаларына, заңсыз темекі айналымына қарсы күрес жүріп жатыр.

Сол сияқты, биыл жанар-жағармайды Өзбекстанға заңсыз сатудың 38 дерегі анықталды. Олардан 11 тонна мұнай өнімі тәркіленіп, 1 млн теңгеден аса айыппұл өндірілді. Қазір мұнай өнімдерін заңсыз әкетуді болдырмау мақсатында шекара қатаң бақылауға алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама