«Ардагерлер туралы» заңда әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасы туралы да айтылған
9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ел бойынша ардагерлерге ақшалай сыйақы беріледі. Олардың неге құқығы бар екені «Ардагерлер туралы» заңда айқындалған. Бұл заңда бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қайтыс болған азаматтардың отбасына да көмек көрсетілуі керек екені айтылған. Алайда кей өңірдегі әкімдік бұл мереке қарсаңында жесір қалған әйелдерді ұмытып кететін көрінеді. Halyq Uni тілшісіне базынасын айтқан әйелдер осылай дейді.
МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛМАҒАН
Қарағандылық Жанар Жұмабаева күйеуі қайтыс болған 13 жылда 9 мамыр қарсаңында бір де бір рет әлеуметтік көмек алмағанын айтты.
Бізге мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қорғау шаралары бар. Яғни, біз арнаулы мемлекеттік жәрдемақы аламыз. Оның көлемі – 4,59 АЕК. Бұл қазір 15 800 теңге. Бұл республикалық бюджеттен төленеді. Ал заң бойынша жергілікті атқарушы орган өз құзыреті шегінде көрсететін ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмекті көрген емеспіз, - дейді Жанар Жұмабаева.
Осы мәселе бойынша Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесіне жүгінген.
«Күйеуім 2010 жылдың 14 шілдесінде қызмет барысында қаза болған. Сол 13 жылдың ішінде жергілікті бюджет арқылы бір де бір рет не ақшалай, не заттай әлеуметтік көмек көрсетілмеді. Бұл жыл сайын қойылатын сұрау. Жауабын алу үшін барғанымда «Ардагерлер туралы» заң бойынша менің сол санатқа жататынымды растады. Мемлекет кепілдік берген бұл көмек түрі жергілікті бюджетпен бекітіледі деді. Сол себепті қалалық мәслихатқа жіберді», - дейді ол.
Алайда ол жақтан да мардымды жауап ала алмаған.
Маған әлеуметтік көмек алатын адам ретінде заңмен кепілдік беріліп отыр. Неге соған қарамастан әлеуметтік көмек алу үшін жүгіріп жүрмін? Неге 13 жылдың ішінде бір де бір рет заңмен көзделген көмекті ала алмай отырмын? Басқа аймақтардағы жесірлер осы мүмкіндікті пайдаланып отырған кезде, неге Қарағанды облысы пайдалана алмайды?, - дейді әйел.
Жанардың күйеуі 1999-2010 жылдары Қарағанды облыстық полиция департаментінде жұмыс істеген. Марқұм Сәкен Әшімов Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысы, полиция капитаны болған. Отбасының бір қызы бар.
КҮЙЕУІНІҢ БАСЫНА ЕКІ ОҚ ТИГЕН
7 жыл бұрын Алматыда қызмет барысында полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаев қайтыс болған. Марқұмның жесірі қазір Шымкент қаласында тұрады. Айтуынша, күйеуі қайтыс болған уақыттан бері Жеңіс күні қарсаңында ешқандай әлеуметтік көмек көрсетілмеген.
«Күйеуім 2016 жылы жұмыс кезінде қайтыс болды. Алматы қаласы Алмалы ауданында учаскелік полицей болып жұмыс істеген. Биыл күйеуімнің қайтыс болғанына 7 жыл толады. Осы уақытқа дейін 9 мамыр қарсаңында бір де бір көмек берілген емес. Менің бір қызым бар, 6 жаста. Қазір 1-сынып оқиды. Жалғыз өзім қызымды жеткізіп отырмын. Көмек берілуі керек деп санаймын. Заң бойынша ардагерлермен қатар бізге де берілуі керек. Ардагерлерге жыл сайын көмек беріледі. Неге жесір қалған әйелдерге берілмейді?», - дейді шымкенттік Әйгерім Ақтілеуова.
Күйеуім жол апатынан немесе аурудан қайтыс болған жоқ. Жұмыс бабында, жұмыста отырған кезде басына екі оқ тиіп қайтыс болды, - дейді әйел.
ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
«Ардагерлер туралы» заңның 8-бабында заңның күші қолданылатын адамдар тізімі бекітілген. Оның ішінде бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары да бар.
Сондай-ақ осы заңның 13-бабында заң күшi қолданылатын адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары айтылған. Олар мынадай:
Айта кетейік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңда көрсетілген бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары санатына ішкі істер, қорғаныс және төтенше жағдай министрлігіне қарасты мекемелерде жұмыс істеп, қызмет барысында қайтыс болғандардың отбасы жататынын растады.