×

Сәтбаевта ЖЭС-ке «бомба қойған» жігіт терроризмге қатысты баппен сотталып кетті

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді

 Динара Амантай 27.04.2023 | 17:06
Фото: polisia.kz

Сәтбаевта кәсіпорынды миналаған деп жалған хабарлама берген азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2022 жылғы 20 желтоқсанда Ұлытау облысы Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің «102» пультіне белгісіз адам қоңырау шалып, жылу станциясы ғимаратына жарылыс зат қойылғаны туралы хабарлаған.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар») бойынша тіркелген. Оқиға орнына полиция және арнаулы қызмет өкілдері барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Хабарлама расталмады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол мас күйде жалған хабарлаған Сәтбаев қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті кінәсін мойындап, зайыбымен жанжалдасып, ішімдік ішкендіктен осы құқықбұзушылықты жасағанын айтты.

Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Сот сотталушының өзіне тағылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәсі толық дәлелденген деп шешіп, 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді.

Ұлытау облыстық полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін жауапкершілік туралы ескертеді. Ол үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама