×

Өзін өртеу үшін Астанаға келген шаруаның жанайқайы: «Күшік күйеумін, кредитке белшемнен баттым»

Ақмола облысынан келген фермер шаруа қожалығына салған 200 млн теңгесі далаға ұша ма деп алаңдайды

 Наима Нұрәлі 27.04.2023 | 15:10

Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылында (Ақмола облысы) шаруа қожалығын ашып, 200 млн теңге шығынға батқан фермер Астанаға келіп, ел президенті Тоқаевтан көмек сұрады.

Осыдан 3 жыл бұрын Бауыржан Ақылбек Целиноград ауданы әкімдігі өткізген ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін 10 жылға өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі кокнурста жеңіп, Оразақ ауылындағы 314 га жерді ұтып алған. Астанадағы 3 үйін сатып, енесі мен қарындасының баспанасын кепілге қойып несие алады. Жиналған 200 миллион теңгеге мал шаруашылығы кешенінің құрылысына кіріседі. Қажетті техникамен жабдықтайды. Алайда әупірімдеп, аяққа енді тұрып келе жатқан шаруашылығын «жеріңді тексереміз» деп, «құжатыңды тексереміз» деп тоқтата беріпті. Нәтижесінде «тексерушілер» дегеніне жетіп, байқау қате деп танылып, шаруа кәсібін дөңгелетудің орнына сот залы мен жергілікті әкімдіктің табанын тоздыруға мәжбүр болған.

Арада үш жыл өтсе де, не кәсібі жүрмей, не табысы артпай отыр. Есесіне несиесі басынан асады. Анасы II топтағы мүгедек екен. Балабақшадағы екі қызының ақысын ата-енесі төлеп беріп отыр. Отбасы сырқат анасының зейнетақысына күн көріп жүрсе, өзі таныстарының үйін аралап жан бағып жүр.

«20 жыл мал шаруашылығымен айналыстым. Қызылорданың тумасымын, 14 жасымнан осы саладамын. 2014 жылы Астанаға көшіп келдім. 2-3 пәтерім болды. Қаланы тану үшін такси жүргізушісі болып жұмыс істедім. Күнделікті 20 мың теңге шамасында табыс тауып отырдым. Көлік сатып алып, оны жалға беріп қойдым. Осылай табысым еселеніп жатты. Үнемі қимыл-қозғалыста жүрген адам болғандықтан үй мен көлік арасындағы жайлы өмірден жалықтым. Артық салмақ қосып, қант диабетіне шалдықтым. Дәрігерлер 2-3 жылдан соң жүрегің ұстап, қайтыс болуың мүмкін деді. Содан мал шаруашылығына қайта ораламын деп шештім. Байқауларға қатысып жүріп, осы жерді ұтып алдым. Уайымнан салмағым 117 келіден 80-ге бір-ақ түсті. Денсаулығым жақсарды деп қуанып жүр едім, артынша басым бәлеге қалды», - дейді Бауыржан Ақылбек.

Кәсіпкердің бизнесіне кедергі жасалмағанда жұмсаған қаржысын 4-5 жылда толық ақтап алуға болаттынын айтады.

Мамыр айынан қыркүйекке дейін бір сиырдан май, сүт өнімдері арқылы 500-700 мың теңгедей пайда табуға болады. Одан қала берді бұзауын сатсаң, кемі 150 мың теңге табыс түседі. Сиырдың өзін сатсаң, 300 мың теңге. Бір сиырдан 1 миллион теңгеге жуық табыс табуға болады. 4-5 жылда мен ғана емес, бұл шаруа қожалығының пайдасын бүкіл ауыл көрер еді, – деді Бауыржан Ақылбек.

Шаруа бұл мәселеге Целиноград ауданы әкімдігі, аудандық мәслихат депутаты Серік Қадіркенов, Жер ресурстарын тексеру департаменті мен Целиноград ауданы судьясы А.Жакуповтың қатысы барын айтты.

«2020 жылы мамыр айында қазіргі аудандық мәслихат депутаты Серік Қадіркенов, блогер Гүлбану Әбенова бетін тұмшалаған жігіттермен бірге келіп, шаруа қожалығына видеоға түсіре бастады. Сосын өзара "бұл кісі бізге ештеңе бергісі келмей тұр" деп кетіп қалды. Ертесіне Гүлбану Әбенова "Үкіметті тонап жатыр, жерді заңсыз алды" деген жала жауып, мені қаралайтын пост жариялады. Осыны айтып, әкімдіктен көмек сұрасам, халықтың көңілін аулауымды сұрады. Екі аптадан соң Жер ресурстарын тексеру департаментінен хаттама келді. Тексеру жүргізілу үшін жұмысымды тоқтаттым. Серік Қадіркенов ауыл адамы Абылайхан Бижановпен бірге апта сайын келіп, жерімді аламыз деп қорқытты. Қолдарында бірде-бір құжат жоқ. Күзде Жер ресурстарын тексеру департаментінен жауап келді. Онда былай делінген: "Сіздің жұмысыңызда заңбұзушылық жоқ, тек байқауға қатысты әкімшілік заңбұзушылықтар болған, келешекте қайталанбас үшін ескерту берілді". Одан кейін қайтадан тексерді. Тағы да менің жұмысыма шағым болмады. Үшіншісінде олар байқауда қателік кеткенін алға тартып, байқау нәтижесін жарамсыз етуін талап етіп, әкімшілікті сотқа берді», - деді Бауыржан Ақылбек.

Биыл 7 наурызда басталған сот процесі 20 сәуірде аяқталған. Сот шешімі бойынша, жер телімі мемлекет меншігіне өтеді. Кейіпкеріміз сот үкімі 20 мамырда күшіне енгенше әділдік үшін күресетінін айтып отыр.

Сот шешімінен кейін шаруа қожалығы үшін жергілікті әкімдікпен соттасуы керек екен. Кәсібіне 200 млн теңге жұмсаған шаруа Астанаға келіп, ел президенті Тоқаевтан көмек сұрады.

«Басында әкімдікке барып, байқау заңсыз өткен болса, жұмысымды тоқтатайын дедім. Олар үш жыл бойы бәрі заңды екенін айтып, алаңсыз жұмыс істей беруіме болатынын айтты. Судья Жер ресурстарын тексеру департаментің ығына жығылып, бір жақсы шешім шығарды. Тағы бір шикілік: бұл іске қатысы жоқ, "жерді бер" деп қорқытып жүрген Серік Қадіркеновті судья А.Жакупов сот процесіне қатыстырды. Соңғы 30-40 жылда Оразақ ауылында менікіндей заманауи ғимарат салынбаған. Демек, олар әу бастан менің бизнесіме көз тіккен. Мұның арты не болады? Қаншама халық алданады. Қайрат, Гүлмира Сатыбалдылардың былығы шығып жатыр ғой. Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өзіңіз араласып, Целиноград ауданы әкімдігі, мәслихат депутаты Серік Қадіркенов, Жер ресурстарын тексеру департаменті мен Целиноград ауданы судьясы А.Жакуповтың жұмысына тексеру жүргізуді талап етуіңізді сұраймын», - деді кәсіпкер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама