Қазақстандықтар қоғамдағы береке-бірлікті бағалай білуі керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бірлігін шайқалтқысы келетіндерге ескерту жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Халқымыздың ынтымақ-бірлігі – тағдырдың бере салған сыйы емес. Ең алдымен бұл жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет.
Татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс. Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған, - деді президент ҚХА-ның XXXII cессиясында.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды еліміздің береке-бірлігін бағалай білуге шақырды әрі бірлікті шайқалтқысы келетіндерге ескерту жасады.
Шын мәнінде ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс. Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту – заң алдында қылмыс, Құдай алдында күнә. Осыны бәріміз терең түсінуіміз қажет, - деді мемлекет басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін президент қазақ тілін үйрену қалыпты жағдайға айналу керектігін айтқан болатын.