Halyq Uni логотип
×

Балалар алаңына бизнес орталық салуға рұқсат берген әкімдік сотта жеңілді

Тараз қаласы әкімінің тиісті қаулысы заңсыз деп танылды

 Динара Амантай 27.04.2023 | 13:07
Балалар алаңына бизнес орталық салуға рұқсат берген әкімдік сотта жеңілді
Фото: Halyq Uni

Тараз қаласының әкімдігі жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақты жеке меншікке сатып жіберген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жамбыл облыстық сотының мәліметінше, қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінің тұрғындары облыстың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Тараз қаласы әкімінің жер учаскесін жеке меншікке беру және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою талабымен жүгінген.

Сотта анықталғандай, 2017 жылы өткізілген жер аукционы негізінде Тараз қаласының Желтоқсан көшесінде орналасқан жер учаскесі балалар спорт алаңын ұйымдастыру үшін уақытша пайдалануға берілген. Кейін даулы жер учаскесі жеке меншікке берілген. 2020 жылы даулы нысан сатып алу-сату шарты бойынша сатылып, әкімнің қаулысы негізінде жер учаскесінің нысаналы мақсаты бизнес орталық салу мақсатында «ғимараттарға қызмет көрсету» болып өзгертілген.

Сотпен аталмыш жер учаскесі жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақ ретінде тек мемлекеттің меншігінде болуға тиіс деп табылды. Сондай-ақ учаскеге нысан салу Тараз қаласының бас жоспарында көзделмеген және осы учаскеде көппәтерлі тұрғын үйге іргелес ғимарат салу тұрғындардың құқықтарын бұзады деген қорытынды жасалды.

Сот шешімімен тұрғындардың талаптары қанағаттандырылып, Тараз қаласы әкімінің жер учаскесін жеке меншікке беру және нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулысы заңсыз деп танылды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама