Серік Күдебаев уақытша ұстау изоляторына қамалды
Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Серік Күдебаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Ол 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық кілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау үшін айыпталды.
Сот талқылауы кезінде Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен. Сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеуге жарияланды.
Айта кетейік, 3 сәуірде Талдықорғанда өткен сот отырысында прокурор Серік Күдебаевтың қылмыстық ісін тоқтатып, оған халықаралық іздеу жариялауды сұрады.
Серік Күдебаевқа сот үкімі 10 наурызда шығуға тиіс еді. Алайда оның ауруханаға түскені хабарланды. Содан кейін сот процесі бірнеше рет кейінге қалды.
Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.
Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.