Halyq Uni логотип
×

Астанада тілге қатысты өткен жиын дәрігерлердің ренішін тудырды

Бас дәрігерлерді мұндай жиындарға міндеттеп қатыстыру қажетсіз деп есептейді

 Айнұр Шошаева 27.04.2023 | 12:46
Астанада тілге қатысты өткен жиын дәрігерлердің ренішін тудырды
Коллаж: Halyq Uni

Елордада медициналық ұйымдарының бас дәрігерлері қазақ тілінің қолдану аясына қатысты жиыннан ренжіп қайтты. Бұл туралы №2 көпбейінді қалалық аурухананың директоры Нұрбол Тұрсынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni

«Бүгін Астананың бас дәрігерлерінің басын қосқан, қазақ тілінің қолдану аясына қатысты жиын өтті. Бардық. Ана тіліміздің мәртебесі болған соң, шұғыл шаруаларды жиып қойдық. Тыңдадық. Бірақ түйіп шыққан ойымыз мәз емес. Неге? Бізде қазақ тіліне қатысты жасалатын қадамдар тіл білсем деген адамдарды тартудан гөрі қарсылығын тудыруға итермелейді. Кейде артық қыламыз деп, тыртық қылып жатады», – деп жазды ол. 

Оның сөзінше, дәрігерлерге жиынның өктем және бұйрық түрінде жүргізілгені ұнамаған. 

«Жиында әңгіме бұйрық түрінде жүрді. Негізі жәй ғана қазақ тілінде сөйлеу қажеттігін түсіндірген жиын. Бас дәрігерлерге. Бірақ бұйрықпен. Бұл қатысып отырған ақ халаттылар тарапынан реніш, тіпті түсінбеушілік туындатқаны байқалды. Жалпы өзім қазақпын. Ойым, тілім, дінім, болмысым, тіпті түндегі түсіме дейін қазақша. Тілдің мәселесі мені де алаңдатады. Бірақ мен жәй алаңдап қана қоймадым, қолымнан келгенінше оның қолдану аясын кеңейтуге тырыстым. Мектептерде арнайы кабинет ашуға ұйытқы болдым», – деп қосты ол. 

Сондай-ақ бас дәрігерлерді мұндай жиындарға міндеттеп қатыстыру қажетсіз деп есептейді. 

«Менің ойымша, бойында ұлттық намысы бар  әр адам тіл мәселесін өзінен бастауы керек. Ал сөйлемеген замандасына тіл білмегені үшін дүрсе қоймай, тіл артықшылықтары туралы айтып қызықтыра білсін, білуіне жағдай жасасын. Ал тілді білу қажеттігін түсіндіретін жиындар, одан қалды бар қаланың бас дәрігерлерін міндеттеп қатыстырған жиындардың уақыты өтті деп білем. Тіл керек, мұны бәрі біледі. Оны 100 рет жиын жасап айта бергеннен нәтиже шықпайды. Жиын емес әрекет керек. Сөз емес, іс керек», – деп қорытындылады Нұрбол Тұрсынбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама