Ассамблея сессиясындағы термин әлеуметтік желіде қызу талқыланған
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «ұлтқұру» терминіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлтқұру – термин. Ол қазақшаға дұрыс аударылмаған шығар. Оның орысшасы – нацстрой. Ағылшын тілінде бұған қатысты көптеген кітап пен зерттеу бар, - деді министр Қазақстан халқы Ассамблеясы XXXII cессиясының кулуарында.
Сондай-ақ журналист «Төлқұжатта Қазақстан халқы қазақстандық деп жазылса. Бұған қатысты ойыңыз қандай?» деп сұрақ қойды.
Мен жалпы қазақ дегенге тоқтаймын. Мен бәрімізді (Қазақстан халқын, – автор) қазақ деп қабылдаймын. Мысалы, Геннадий Головкин, Елена Рыбакинаны да. Олар – шетелдегі қазақ спортшылары…
Бүгін президенттің қандай мәселені көтеретінін тыңдайық. Мен кешегі отырысқа қатысқан жоқпын. «Ұлтқұру» термині – қалыптасқан ұғым. Ол дұрыс аударылмаған болуы мүмкін... Оны жатырқаудың керегі жоқ. Кез келген өркениетті елде кеңінен талқыланатын термин. Сондықтан біз бұл мәселені ғылыми тұрғыда талқылауымыз керек», - деді Дархан Қыдырәлі.