Шілдеден бастап 7 және одан да көп бала туған аналарға берілетін жәрдемақы көлемі артады
Өзгеріс автоматты түрде жүзеге асырылатын болады
Биыл 1 шілдеден бастап республикалық бюджеттен «Алтын алқа» алған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін өседі, деп хабарлады Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген және мемлекет басшысы қол қойған Әлеуметтік кодекс 9 заңды шоғырландырды және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытудың құқықтық негіздерін нығайтуға әрі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын күшейтуге бағытталған.
Құжаттың новеллаларының бірі – «Наградталған ана» деген жаңа ұғымды енгізу болатын. Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге берілетін болады.
Бүгінде 6, 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Әлеуметтік кодексте наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.
Мәселен, «Алтын алқамен», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған аналарды қамтитын болады.
Жәрдемақы алушыларға 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оның мөлшерін арттыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылатынын атап өту қажет.