Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды
Жетісу облысының білім беру жүйесінде ірі көлемде қаржы жымқыру туралы іс бойынша жаңа мән жайлар жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жетісу облысы бойынша Антикоррупциялық қызмет Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Ол Білім бөлімінде бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Өз кезегінде пара берген адамдар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау туралы іс бойынша негізгі айыпталушылар болып табылады және соттың санкциясымен қамауда отыр.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр, күдіктілерге қатысты олардың кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті үкімді сот шығарады.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, бұған дейін Талдықорған білім бөлімінің қызметкерлері миллиардтаған ұрлық жасады деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жетісу облысының прокуратурасының үйлестіруімен Талдықорған қаласының білім бөлімінің қызметкерлерін ұстады. Алдын ала келтірілген залал сомасы шамамен 2 млрд теңгені құрады.