Құпия құжаттардың дәретханада жатқанын қоғам белсендісі байқаған
Әдетте құпия сақталатын сотқа дейінгі тергеу құжаттары Павлодар қалалы полиция басқармасының дәретханасында ашықтан-ашық жатыр. Бұл туралы адвокат Назерке Ризабекова өзінің Facebook парақшасында жазды.
Құқық қорғаушы павлодарлық полицейлердің процессуалдық құжаттарды дәретхана қағазының орнына пайдаланатынын байқаған.
«Ойға қонымсыз дүние. Түсінемін, сіздерде дәретхана қағазы тапшы шығар. Бірақ бұл сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жария ету ғой? Себебі, құпия құжаттар қоғамдық дәретханада жатыр», - деп жазды адвокат.
Павлодар облысының Полиция департаменті бұл жағдайға байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде. Оның нәтижесі жайында қосымша хабарлайтын боламыз, — деп жауап берді облыстың бас полицейі Василий Скляр.
Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желіде жарияланған фотосуретте құпия құжаттар емес, әдеттегі анықтама қағаздар. Бірақ оның өзі жарамсыз қызметтік қағаздарды дәретханаға тастауға, немесе дәретхана қағазының орнына пайдалануға шешім қабылдағандарды жауапкершіліктен босатпайды. Қажет емес құжаттардың бәрі жойылуы керек.
Полиция басқармасында әжетхана қағазына қатысты тапшылық та жоқ екен. Өйткені жыл басында әрқайсы төрт орамнан тұратын 250 қаптама сатып алынған.
Еске салайық, Василий Скляр биыл 21 қаңтарда Павлодар облысының полиция департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды. Ол – ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың туған інісі.