Halyq Uni логотип
×

Ақтөбе облысында 1 млрд теңге жымқырған қаржы пирамидасының басшысы сотталды

Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді

 Динара Амантай 26.04.2023 | 16:45
Ақтөбе облысында 1 млрд теңге жымқырған қаржы пирамидасының басшысы сотталды
Фото: Halyq Uni

Ақтөбе қаласының №2 сотында аса ірі мөлшерде ақша тарта отырып, қаржы пирамидасын құрды және оған басшылық жасады деген айып тағылған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, сотталушының 2019 жылдың 1 желтоқсаны мен 2020 жылдың 22 ақпаны аралығында аса ірі мөлшерде ақша тарта отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны анықталды.

Барлығы 192 азаматтың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден аса ақша жинақтары тартылып, осылайша салымшылардың шығыны 825 003 641 теңге болған.

Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен расталды.

Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінуін, асырауында жас баланың болуын және қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, оған коммерциялық және қаржы ұйымдарында 7 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама