Қылмыстық оқиға жәбірленушінің кәсіби қызметімен байланысты емес
Қарағанды облысының полицейлері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ заңгерінің өліміне қатысты күдіктілерді ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде Шахтинсктің 53 жастағы тұрғынының өліміне қатысы бар деген күдікпен аталған қаланың тұрғындары – 52 жастағы ер адам мен 44 жастағы әйел ұсталды.
Қылмыстық оқиға жәбірленушінің кәсіби қызметімен байланысты емес. Айғақ заттар тәркіленді. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД бастығы Ерлан Файзуллин.
Еске сала кетсек, бұған дейін 23 сәуірде Шахтинск қаласында пәтердегі өртті сөндіру кезінде денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар 53 жастағы пәтер иесінің мәйіті табылғанын хабарлаған болатынбыз. Аталған дерекке байланысты Қылмыстық Кодекстің 99-бабына («Адам өлтіру») сәйкес қылмыстық іс қозғалған.