Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында қауіпсіздік аймағы құрылады
Осылайша, өңірдегі экологиялық жағдай бақылауға алынбақ
Бүгін мәжілісте Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобалары талқыланды.
Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі мен үкіметі басшылығының тапсырмаларына сәйкес, «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді. Заң жобасына сәйкес, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жоспарланып отыр.
Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты радиациялық ластанған және таза жерлерді бөлу, ластанған учаскелерде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аумақты оңалту әрі полигон жерлерін пайдалану мәселелерінде мемлекеттік бақылауды күшейту болып саналады. Кешенді экологиялық тексеру мен мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша анықталған ластанған учаскелерде мамандандырылған аймақ құру көзделіп отыр, – деді энергетика министрлігі.
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасында:
- бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» арнайы аймағын құру;
- радиоактивті ластанудың таралуын шектеу;
- полигон аумағында тарихи пайда болған радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру әрі кәдеге жарату арқылы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту;
- Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізу көзделген.
Заң жобаларының ережелерін іске асыру өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Қарау қорытындысы бойынша заң жобасы мақұлданып, әрі қарай қарау үшін мәжілістің жұмыс тобына жолданды.