Ол түнгі сағат 01:00-де әйеліне қоңырау шалып, адасып кеткенін айтқан
Павлодар облысының Ақтоғай ауданында 1994 жылы туған ер адам із-түзсіз жоғалып кетті. «Vita» іздестіру еріктілер жасағының хабарлауынша, жоғалған азамат 23 сәуірден бері хабарсыз кеткен.
Pavlodarnews.kz-тің мәліметіне қарағанда, жоғалған жігіттің аты-жөні – Естай Болатұлы Солтанбет. Оқиға Ақтоғай ауданына қарасты Қараой ауылында болған. Ол 23 сәуірде қою жасыл «Нива» көлігімен (ресейлік есепте тұрған) балық аулап жүрген таныстарына шатыр жеткізуге кетіп, содан кейін одан еш хабар болмаған.
Естай таныстарының қасынан түнгі 00:00-дер шамасында кеткен. Ал түнгі сағат 01:00-де ол әйеліне қоңырау шалып, адасып кеткенін айтып, геолокацияны қосуды сұраған. Өкінішке қарай, сол кезде байланыс бірден үзілген.
Ер адамды облыстық төтенше жағдайлар департаменті, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар, туыстары мен достары іздестіріп жатыр. Бүгін оларға еріктілер қосылды. Олардың айтуынша, Естай Солтанбеттің үстінде қоңыр түсті жұмыс киімі, қара спорттық аяқ киім және сұр қалпағы болған.
Еріктілер жоғалған азамат туралы ақпарат болса, мына телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.