3 жылда 300-ден аса жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген
Антикор мен Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев орта білім беруді қаржыландыру кезінде жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге келісті. Мұндай шешім Антикор мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен отырысында қабылданды. Бірлескен талдаудың басталуына білім беру саласындағы түрлі сыбайлас жемқорлық қылмыстар себеп болды.
Тек соңғы 3 жылда осы салада 300-ден аса жемқорлық құқық бұзушылық тіркеліп, оларды жасауда 200-ге жуық адам әшкереленді. Жалпы қылмыстар республиканың барлық өңірлеріне тән бола тұра, олардың ең көп саны Шымкент қаласына, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі болып шықты.
Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласының білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты соңғы резонанстық істер елеулі жемқорлық схемаларының бар екендігін растайды. Алдын ала зерттеу барысында қаражатты ұрлау бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру сатысында жүретіні анықталды. Бұл ретте мектептердің, білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлері және басқа да адамдар сөз байласады. Қаржыландыруды алғаннан кейін қаражат қалалық, аудандық білім бөлімдеріне бөлінеді, ал үнемделген сома еңбекақы төлеу қорына аударылады.
Тергеудің нұсқасы бойынша мұндай тәжірибе Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтеріне «өлі жандарға», үлестес тұлғаларға есептеу арқылы 2 млрд теңгеге жуық ақша ұрлауға мүмкіндік берді. Тінту барысында күдіктіден 1 млрд теңге сомасында ақшалай қаражат табылды және тәркіленді, оның едәуір бөлігі шетел валютасында болды.
Мұндай құқық бұзушылықтар бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру тетіктерінің жетілмегендігі, білім беру қызметкерлерін орталықтандырылған есепке алудың болмауы және осы процестерді цифрландырудың жеткіліксіздігі нәтижесінде мүмкін болды, - деді Асхат Жұмағали.
Кеңес қорытындысы бойынша білім беру саласындағы ағымдағы жағдайды өзгерту бойынша кешенді шаралар белгіленді.