18 жылға сотталған Мәсімовтің жазасын қандай түрмеде өтейтіні айтылды

Айгерім Таубай

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болған Садықұлов, Ерғожин және Өсіповке де сот үкімі шықты

Фото: Sputnik.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қандай мекемесінде өтейтіні белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін Мәсімовтің 18 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланды.

Мәсімов жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда (қатаң режим) өтейді, - делінген Астана сотының ресми жауабында.

Ел бойынша қауіпсіздігі барынша жоғары 20 колония бар. Оның үшеуі Ақмола облысында, екеуі Алматы және Жетісу облысында, біреуі Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Сондай-ақ Қарағанды облысында – 3, Қостанай облысында – 1, Маңғыстау облысында – 1, Шымкент пен Түркістан облысында – 3, Павлодар облысында – 1, СҚО – 1, Шығыс Қазақстан облысында 4 колония бар.

МӘСІМОВ 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Олар генерал атағынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.