Жаңаөзенде жұмыссыз жандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды
Алгоритмге сәйкес әлі 9 996 адам жұмысқа орналасуға кезекте тұр
Жаңаөзенде мұнай компанияларының басшылары жергілікті әкімдікпен кездесіп, жұмыссыздық мәселесін талқылады, деп хабарлады Қоғамдық коммуникация орталығы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұнай өнеркәсібіне жұмысқа орналасу мәселесі 2019 жылдан бері көтеріліп келеді. Сондықтан «ӨзенМұнайГаз» АҚ және Жаңаөзен қаласының әкімдігі бірлесе құрған алгоритмге сәйкес, «ӨЗЕНИНВЕСТ» ЖШС, «Тазасу» ЖШС, «БН» ЖШС, «ӨзенМұнайГаз» АҚ компаниялары бүгінге дейін 4 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтыған. Ал сирек қолданыстағы мамандық бойынша 146 адам қызмет етіп жүр.
Алайда Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ұлбазар Орынбаеваның айтуынша, алгоритмге сәйкес әлі де 9 996 адам жұмысқа орналасуға кезекте тұр.
Қазір 9 996 адам кезекте тұрғанмен, оның ішінде 415 адам – жеке кәсіпкер, ал 4 333 адамның зейнетақы қорына аударымдары үздіксіз түсіп тұр. 2 603 жұмыссыз азамат алгоритмге сәйкес кезекте тұр. Жұмысқа орналасқысы келген адам алдымен «ӨЗЕНИНВЕСТ» мекемесінде уақытша қызмет етіп, аутсорсинг бойынша «ӨзенМұнайГаз» АҚ-на тұрақты жұмысқа орналаса алады, - деді Ұлбазар Орынбаева.
Жиында мекеме басшылары өз ойларын айтып, ұсыныстарын ортаға салды. «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшысы Нұрдәулет Игілікұлының айтуынша, «ӨзенМұнайГаз» АҚ 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан артық адамды жұмыспен қамту компанияның экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді. Сол себепті «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз жандарға алгоритм аясында «ӨзенМұнайГаз» АҚ компаниясына қарасты еншілес мекемелерге жұмысқа орналасуға ұсыныс білдірді.
Қазір жұмыссыздық мәселесі Маңғыстау облысында өзекті болып отыр. Шиеленіскен жағдайдың шешімін табу мақсатында жиын өткіздік. Бүгінде қоғамда кез келген азамат «ӨзенМұнайГаз»-ға жұмысқа орналысқысы келеді. Қазір онда қызмет көрсететін «Қазмұнайгаз»-дың айналасында оннан аса ірі компания бар. Яғни, біз 2019 жылдан бері келе жатқан алгоритмге жақсарту мақсатында толықтырулар енгіземіз. Оның орнына жұмысқа орналасуға болатын компаниялардың санын арттырамыз. Нәтижесінде бос жұмыс орындары көбейіп, жұмыссыз жандардың мәселесі шешілетін болады. Жиында жеке меншік компаниялардың 90%-ы қолдайтыны айтылды, - деді Дәулетжан Хасанов.
Айта кетейік, осы мәселені тез арада шешу мақсатында қала әкімінің арнайы тапсырмасымен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, компания және кәсіподақ өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылып, жан-жақты зерделеп, шешім қабылдайды.