Үш айда прокуратураға 65 мыңнан аса арыз келіп түскен
Олардың басым бөлігі сотқа дейінгі іс жүргізудің заңдылығына қатысты болды
Жыл басынан бері прокуратура органдарына азаматтар мен заңды тұлғалардан 65 мыңнан аса арыз келіп түскен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 3 айда прокуратура органдарына келіп түкен арыздарды қарау нәтижелері бойынша 8,5 мыңға жуық арыз иелерінің құқықтары қорғалып, 1,5 мыңға жуық прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілген.
Олардың басым бөлігі немесе 39%-ы (25,2 мың) сотқа дейінгі іс жүргізудің заңдылығы мәселелеріне, 20%-ы (12,8 мың) әлеуметтік-экономикалық саланың, 8%-ы (5,3 мың) қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерімен байланысты болды.
Прокурорлар 11,5 мыңнан аса азаматты жеке қабылдады. Оның 8,5 мыңнан астамын прокуратура органдарының басшылығы қабылдады.
Қанағаттандырылған арыздардың ең көп саны немесе 47%-ы (4 мыңнан астам) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының актілері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдардан тұрады.
Көбінесе азаматтар жер мәселелері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, еңбек заңнамасы саласы, сот шешімдерін орындамау, екінші деңгейлі банктер алдындағы кредиттік міндеттемелерді орындау, денсаулық сақтау, білім сапасы бойынша шағымданады. Оларды қарау прокуратура органдарының құзыретіне кірмейді. Сол себепті, ондай шағымдар құзыреті бойынша қарау үшін басқа органдар мен ведомстволарға қайта жіберіледі.
Прокурордың дауға араласуын болдырмайтын нақты уәкілетті органдардың жолданымдарды қарау қажеттілігі қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокуратура органдарының өзге де мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмауын көздейтін «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабы 4-тармағының талаптарына байланысты.
Заңға сәйкес прокуратура органдары келесідей жолданымдарды қарайды:
- өзін қорғай алмайтын адамдардың (физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де жағдайларға байланысты өз құқықтарын қорғауды дербес жүзеге асыра алмайды), шектелмеген адамдар ортасы мен кәмелетке толмағандар тобы мүддесі үшін;
- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерді болғызбау мақсатында;
- адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын заңдылықты бұзушылық фактілері;
- Қазақстан Республикасы президентінің және Бас прокурордың тапсырмалары бойынша.
Жоғарыда көрсетілген санаттардан басқа, егер адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер жатқызылған уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не уәкілетті орган болмаған кезде прокуратура органдары жолданымдарды қарайды.
Сондай-ақ Азаматтық процестік кодекске сәйкес прокурорлар мемлекет пен қоғамның, өз құқықтарын өз бетінше қорғауға қабілетсіз адамдардың мүдделері болған жағдайларда, сондай-ақ заңда белгіленген немесе прокурордың қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайларда ғана сот шешімдеріне шағымдарды қарауға құқылы.
Өз кезегінде, жеке-құқықтық даулар бойынша тараптар даулы сот актілеріне сотқа дербес шағымдануға тиіс.
Сондықтан егер жолданымдар көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес болмаса, азаматтар мен заңды тұлғалар өз құқықтарын қорғау үшін тікелей уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгінуі керек.
Бұл талаптар қарау тәртібі қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада, сондай-ақ жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласында белгіленген жолданымдарға қолданылмайды.
Жоғарыда аталған талаптарды білу арыз иелеріне қажетті адресатқа дереу жүгінуге мүмкіндік береді және олардың сұрақтарын шешуді тездетеді.