Астана прокуратурасы бюджетке 500 млн теңге залал келтірудің алдын алды

Динара Амантай

Мемлекеттік орган мен жеке компания арасындағы даулы іске нүкте қойылды

Фото: Halyq Uni

Астана прокуратурасы сот істерінің біріне араласып, 500 млн теңге бюджет шығынының алдын алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жеке компания сот арқылы Су ресурстары комитетінен 165 млн теңгеге жуық соманы өндіріп алған. Өз кезегінде комитет қарсы талап арыз бойынша 325 млн теңге өндірді. Бірінші саты мемлекеттік органды қолдап, серіктестік талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда апелляциялық саты мемлекеттік органның талап арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, серіктестікке қолдау көрсеткен.

Бұл іске қалалық прокуратура араласып, Бас прокуратураға кассациялық тәртіппен наразылық туралы ұсыныс жіберді. Бас прокуратура істің материалдарын зерделеп, Жоғарғы сотқа апелляциялық сот қаулысының күшін жою туралы наразылық жолдады.

Нәтижесінде бұл істе комитет жеңіске жетті. Өйткені мердігер ұйым жұмысты аяқтамаған. Осылайша, келісімшарттық міндеттемелерді орындамаған. Нәтижесінде бюджетке 500 млн теңге шығын келтірілудің алды алынды.