Ақын журналист бола алмайды – Бигелді Ғабдуллин
Болашақ журналистердің салаға қызығушылығы төмен
Қазақ журналистикасында сылдыр сөз көп. Бұл туралы публицист, аудармашы, журналист Бигелді Ғабдуллин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алдымен ол салаға келген адамға қандай талап қойылатынын түсіндірді.
Журналистика – таза кәсіп, қолөнер сияқты. Оған кез келген адамды үйретуге болады. Бірақ ол көп оқыған, білімді және өзінің (жазу) стилі болуға тиіс әрі ойлана білгені жөн. Себебі ойлана білетін адам жақсы жаза алады, - деді Бигелді Ғабдуллин.
Оның айтуынша, шетелде кез келген адам журналист бола алады, тек ынтасы болса жеткілікті.
«Мысалы, қызым АҚШ-тағы George Washington University (GWU) оқуға түсті. Ол маған «Папа, ағылшын тілін білу деңгейім жақсы. Бірақ америкалықтарды әрең түсінемін» деді. Алайда 1 айдан соң жағдай жақсарып, америкалықтарды түсіне бастады. Осылайша, ол үйде отырып, TOEFL емтиханын тапсырды... Содан кейін оны (АҚШ-тың) 3 университеті оқу шақырды. Ол оқуға түсердің алдында (жоғары оқу орындарының әкімшілігінен) «Сіздер маған не ұсынасыздар? Стипендия (scholarship), жатақхана бола ма?» деп сұрады. Нәтижесінде өзі қалаған университетке түсті.
Мұның бәрін неге айтып жатырмын? (Оқуға түскен соң) қызыма журналистика мамандығы бойынша жарты жыл оқуға кредит берілді... АҚШ-та кез келген адамды жазуға үйретеді. Себебі жазып үйрену керек. Жоғарыда айтылған база болса, кез келген адамды (жазуға) үйретуге болады, - деді журналист.
Бигелді Ғабдуллиннің пікірінше, бүгінгі қазақ журналистикасының жағдайы мәз емес.
«Бізде Мәскеуде және тағы басқа елдердегідей мамандандырылған әдеби институттар бар. Онда мен де білім алдым. Мен оқығанда Қазақстанда тек бір журфак болды. Онда 50 бала орыс, 50 бала қазақ бөліміне оқуға түсетін. Олар (журналистикада) болашақ прозаик, ақын және тағы басқа болатын. Олар журналистикаға немесе филология факультетіне оқуға түсетін.
Қазақ журналистикасында басы артық сылдыр сөз бен көркемдік көп. (Материалды) оқып отырсаң, оны қысқарту керек.
Журналистика дегеніміз не? (Онда) алдымен фактілермен жұмыс істеп, анализ жасай білу керек. Бұл қазақ журналистикасында жоқ. Қазіргі жағдай осындай болып тұр», - деді публицист ағынан жарылып.
Сондай-ақ ол салаға келген болашақ журналистердің қызығушылығы төмен деген пікірде.
Біріншіден, (журналистика факультетіндегі) студенттердің талпынысы жоқ. Салаға ештеңе оқымаған адамдар келеді. Олар ақын, журналист болуды ойлайды. Ақын журналист бола алмайды.
Екіншіден, бізде (журналистика, – автор) мектебі жоқ. Журналистика шеберлегінің зертханасы керек. Онда бәрін нақты үйретуге болады. Содан кейін журналистер практикадан өтуге тиіс, осыған мән беру керек. Журналист редакцияда, телевидениеде дүниеге келеді, тек университеттің партасында емес», - деп сөзін түйіндеді Бигелді Ғабдуллин.