Елімізде кәрілік дерті дендеген 200 мың қарт бар
Елордада қарттарға қолдау көрсететін Senior Club клубының филлиалы ашылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғалымдардың пікірінше, әлемде коронавирус тарамаса, деменция пандемиясы өзекті мәселенің бірі болар еді. Себебі бүгінде жаһанда 57 млн адам кәріліктен алжыған. Сарапшылардың болжамынша, олардың саны жыл сайын өсуі (2030 жылы – 80 млн, 2050 жылы – 140 млн) мүмкін. Ал қазір Қазақстанда кәрілік дерті дендеген шамамен 200 мың қарт бар. Сондықтан кәріліктің кеселімен күресу өзекті болып отыр.
Senior Club клубының негізін қалаушы Жанна Канның айтуынша, қарияларға қолдау көрсететін клубтың негізі Алматыда қаланған.
20 ақпанда біздің бірінші клубымыз өз жұмысын бастады. Ол айтарлықтай нәтиже берді деп қысылмай айтуға болады. Себебі қариялар бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылданды әрі оларға шығармашылықпен айналысуға, дәріс тыңдауға мүмкіндік берілді. Клубтың мүшелері бір-бірімен тығыз байланыс орнатты, - деді ол.
Жанна Кан кәрілік дерті анасына дендей бастағанда деменция мәселесімен бетпе-бет келгенін ашық айтты.
Бұрыннан осындай клубты ашуды армандадым. Себебі анам жігерлі, белсенді адам болатын. Алайда бір күні оның көзіндегі оты өше бастағанын байқадым. Қазақстанда бұл мәселеге көзқарас басқаша ғой, қос тарапқа да оңай емес. Біріншіден, өмірге деген қызығушылығын жоғалтқан қарттар. Екіншіден, оларға қалай көмектесетінін білмейтін балалары мен немерелері бар, - деді Alto Networking клубының негізін қалаушы.
Оның пікірінше, өмір сүру сапасын арттырудың қарапайым алғышарты – адамдармен сөйлесу, спортпен шұғылдану, белсенді болу. Сондықтан Жанна Кан Астанада Senior Club клубының филиалын ашуға шешім қабылдаған. Оған 65 жастан асқан саналы және белсенді өмір сүргісі келетіндер мүше бола алады.
Senior Club – жай клуб емес. Оны мүмкіндіктер әлемі деп айтуға болады. Мұнда адамдар өмірдің жарқын сәтін сезінеді. Мысалы, клубта сіз фитнес, йога, жүзу, би, аэробика және басқа да спорт түрімен шұғылдана аласыз. Мұнда кәсіби психологтар мен жаттықтырушылар жұмыс істейді. Олар денсаулық пен тамақтану бойынша пайдалы кеңестер бере алады.
Сондай-ақ біз беделді, өмірде өз орнын тапқан адамдармен, оқытушылармен және жазушылармен кездесу өткіземіз», - деді ол.
25 сәуір, 18:00-де Астанада Senior Club-тың ашылу рәсімі өтеді.