Үш баласымен терезеден секіріп өлген алматылық әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Қымбат Елтайқызы

Қайғылы оқиға былтыр 22 қарашада болды

фото: Halyq Uni

Былтыр 22 қарашада Алматыдағы «Жетісу» шағын ауданыдағы көпқабатты үйлердің бірінде 28 жастағы әйел алдымен үш баласын (2015, 2016 және 2019 жылы туған) 9 қабаттан лақтырып, артынан өзі секіріп өлді.

Әйел мен оның екі баласы оқиға орнында қайтыс болған. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Келіншек өлім алдында хат қалдырып кеткен.

Қазір қайғылы оқиғаның себебі анықтау мақсатында Алматы қаласы Полиция департаментінде жедел-тергеу тобы құрылды. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабы (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Куәгерлердің айтуынша, жас ана алдымен балаларды терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Жас келіншек осы үйде бір бөлмелі пәтер жалдап тұрған.

Қоғамда резонанс туғызған қайғылы оқиғадан кейін 5 айға жуық уақыт өтті. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл жағдайға қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша Әуезов аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Кешенді тергеу шаралары жүргізіліп, нәтижесінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - деді Салтанат Әзірбек.