Сотталушы кінәсін толық мойындап, залал сомасын ішінара өтеді
Ұзынкөл аудандық сотында «Ершов ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің әдіскер-бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, сотталушы әйел Ершов ауылдық округі әкімінің аппаратында әдіскер-бухгалтер бола отырып, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, өзіне сеніп тапсырылған 2 698 368 теңге мөлшерінде ақша қаражатын жымқыру арқылы ұрлық жасап, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, залал сомасын ішінара өтеді.
Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушының өз кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін және асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуын жазасын жеңілдететін жағдайлар ретінде қарастырды. Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Осы істің мән-жайын, жасалған қылмыстың ауырлығын, сотталушының жеке басын ескере отырып, сот сотталушыға 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында тауарлық-материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.