Жетісу облысында 2 ер адам әйелге қарақшылық шабуыл жасаған

Динара Амантай

Олар әйелді байлап, пышақпен қорқытқан

Фото: Halyq Uni

Жетісуда жас әйелге қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен екі адам ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

 Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 21 сәуірде тәртіп сақшыларына Көктал ауылындағы жеке үйге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Үй иесі 28 жастағы әйелдің айғақтарына сәйкес, маска киген екі белгісіз ер адам үйге басып кірген. Белгілі болғандай, олар әйелді байлап, пышақпен қорқытып, қолма-қол ақша талап етіп, тұншықтырған. Ақыр соңында ойлағандарын іске асыра алмай, екі қымбат телефон, гауһар тастары бар зергерлік бұйымдар, ноутбук, әмиян және аулада тұрған Toyota Camry көлігін ұрлап кеткен. Келтірілген шығын 22 млн теңгені құрады.

 Аудандық полиция қызметкерлері облыстық КПБ және ҰҚҚКБ жедел уәкілдерінің көмегімен күдіктілерді анықтады. Олардың бірі 23 жастағы жергілікті тұрғын, екіншісі Көксу ауданының бұрын сотталған 29 жастағы ер адамы болып шықты. Екеуі де ұсталып, қамауға алынды. Ұрланған заттардың барлығы заңды иесіне қайтарылды, – деді Панфилов аудандық ПБ бастығының орынбасары Ернар Қалтаев.

ҚР ҚК 192-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.