Halyq Uni логотип
×

Ақтөбе облысында аудандық бөлім басшысы сотталды

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады

 Динара Амантай 22.04.2023 | 11:11
Ақтөбе облысында аудандық бөлім басшысы сотталды
Фото: depositphotos

Алға аудандық сотында лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдалану, қызметтiк жалғандық жасау және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу айыбы бойынша аудандыө бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, сотталушы аудандық білім бөлімінің басшысы бола тұра, алдағы мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді игере отырып, материалдық пайда табу мақсатында оқу орталығын құрған. Ол, өзінің танысына тиесілі ЖК пайдаланып, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының талаптарын бұза отырып, білім бөлімі мен ЖК арасында балаларға қосымша білім беру қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасасты. Осылайша, оқу орталығының заңсыз қызметі нәтижесінен сотталушы 1 268 000 теңге сомасында пайда көрді.

Бқған қоса жазғы кезеңнің соңына қарай, білім бөлімі бюджеттен жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі 300 балалардың 12 күнтізбелік күнге жазғы лагерьге жолдама сатып алуға бөлінген 18 млн 850 мың теңге қаражатын игеруге үлгермейтінін түсіне отырып, сотталушы мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде, конкурс шарттары өзгертіліп, лагерьге белгіленген 12 күннің орнына 7 күнтізбелік күнге жіберілген 203 бала ішінен 160-ы жоғарыда көрсетілген санатқа жатпайтыны анықталды. Демалыс аяқталғаннан кейін, сотталушы қызметтік жалғандықты жасау ниетімен ресми қаржылық құжаттарға 12 күнге 300 жолдаманы қабылдау туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізді.

Сотталушының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде білім бөлімі ЖШС шотына 10 280 674 теңге сомасында бюджет қаражатын негізсіз аударды.

Сотталушы сот отырысында процестік келісімнің мазмұнын қолдап, онымен толық көлемде, оның ішінде белгіленген жазамен де келісетінін мәлімдеді.

Прокурор процестік келісімде сотталушының шын жүректен өкінгенін, кінәні мойындағанын және залалды ерікті түрде өтегенін ескере отырып, оған қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша түпкілікті жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындау туралы өтініш білдірді. Сондай ақ, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындауды сұрады.

Сот көрсетілген жазаны тағайындай отыра, процестік келісімді бекітті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама